Поэмалар ✍️
БАҚЫТ ПЕН ВИТЯ
І
Витя жақын көрші еді,
Екі жылдай Бақытқа.
Көріскені осы еді,
Осыншама уақытта.
Шынында көп екі жыл
Көріспесе көршілер!
Құрбылары естісе,
«Таныспауы ерсі» дер.
Екі жылда сан жолдас
Табылмай ма, шынында!
Жолдасыңсыз сəн болмас
Ойнап кетіп тұруға.
Кешіріңдер оларды,
Көңілдерің қалмасын!
Таныспауы мүмкін ғой,
Үшке жаңа толғасын.
ІІ
Осы жылғы көктемнің
Бір əдемі күнінде
Шықты есік шерткен үн,
Рұқсат сұрап кіруге.
Естімеді үйде ешкім,
Тықыры əлсіз болғасын.
Енді қалай күймессің,
Есік ашпай қойғасын!
«Отклой!» деген бір дауыс,
Шыққаннан соң даладан.
Ашылды есік, кірді үйге,
Таныс емес жаңа адам.
ІІІ
Шынашақтай бір бала,
Кірді үйге кешігіп.
Қарар емес ай-шайға,
Жатыр өзі шешініп.
Бір машина, бір мысық,
Қолтығына тұр қысып,
Қарады ол жан-жаққа,
Қалта толған ойыншық.
Тұрды Бақыт аң-таң қап,
Мына тосын қонаққа.
Келіп бір кез жақындап,
Апарды оны төр жаққа.
Не десер деп бұл бір сəт,
Үй ішінде тосты жұрт.
Ойыншықтар құрып сап,
Қалған екен қосылып.
Бір-біріне қол сұнып,
«Таныстық» та демеді.
Думанға үйді толтырып,
Олар ойнай жөнелді.
ІV
Бірінші күн кездескен,
Болды үлкен бір қыйындық.
Кіп-кішкене қабағын,
Сəл шытынып жыйырып,
«Естімейді неге – деп
Мынау Витя құлағы!» –
Əжесінен Бақыт кеп,
Сыбырлады – сұрады.
Тұр Витя да қасында,
Аң-таң қалып досына.
«Құлағы ести қоймайды»,
Деп, ол дағы ойлайды.
Не кінə бар құлақта,
Тіл ыңғайға көнбесе?
Ұғынар бұлар қалайша,
Екі тілде сөйлессе?!
V
Бақыттың Витя үйіне.
Күнде түсте келеді.
Машинист боп, шофер боп,
Екеуі ойнап береді.
Екеуі де ұмытты,
«Естімейтін» кінасын.
Күнді ойынмен жылжытты,
Ішісті де бірге асын.
Ұғындырды оларды,
Ортақ ойын шапшаң-ақ.
Оларға азық болады,
Достық жылы қас-қабақ.
Кеш батқанын үнемі,
Бұлар білмей қалатын.
Амалсыздан киініп,
Витя үйіне баратын.
Біраз сөзін Витяның,
Бақыт жаттап алыпты.
Мұның сөзін ол дағы,
Үйіне айтып барыпты.
Міне қызық тамаша,
Бір күн байкап қараса –
Екеуі де жүр сөйлеп
Орысша да, қазақша.
Білмейді олар тек қана
Үйренген бұл өнерін.
Бір-бірінен тапқанға
Ұғысуға керегін.
Олар екеу болды енді,
Көп қызыққа кенелді.
Олар екеу болғасын.
Ойыншық та көбейді.
* * *
Біздің ұлы Отанда
Достықпен ұрпақ өсетін.
Ойна достар, өс еркін,
Өсер дəуір, өсер күн!