11.07.2022
  120


Автор: Ғафу Қайырбеков

БАЙҚОСАҚТЫҢ ЕГІНІ

Көптен жүрген көңілде,
Бір əңгіме осы еді,
Байқосақ та өмір де
Балалардың досы еді.
Байқосақтың дүниеден
Көшкеніне жыйырма жыл.
Қашан туды, нешеде? –
Есімде жоқ дəл кəзір.
Тек əйтеуір қарт күнін
Көргенім бар бір рет,
Сақал-шашы аққудың
Бейне мамық жүні – деп,
Айтсам жалған демеңдер,
Жас оқушы достарым,
Қалам, сия, ақ дəптер
Өз жанымнан косқаным,
Өзге əңгіме бəрі шын,
Айнытпастан көшірем.
Дедім: Сендер таныссын
Байқосақтай досымен.
I
Жарты ғасыр арттағы
Жылға үңіліп байқасақ.
Алдымыздан шықпағы
Анық біздің Байқосақ.
Қай шамада сол жасы
Десең, айтам жобалап.
Дəл сол кезде, шамасы,
Қырықтарда болар-ақ.
Бар тұрса да көрікті
Дəн өсетін жері кең.
Айналыспай келіпті
Онда олар егінмен.
Бос өткізіп жаз күнін,
Тасыйды екен азығын
«Алыс жерден арбалап,
Жақын жерден дорбалап»
Бері келе сыр біліп,
Сеуіп дəнді бастапқы,
Екі-үш үйден бірігіп,
Егін сала бастапты.
Сол алғашқы жерге бір
Тиген кетпен, күрегі,
Егіншінің елдегі
Байқосақ та бірі еді.
II
Көктем келіп, бір жар сап
Деген кезде: «қырға шық!»
Сатып алды Байқосақ
Тұқымдық дəн бір қапшық.
Айырбасқа берді оған
Жалғыз бие құлынын.
Ат қып мінем деп жүрген
Арманы да ұлының
Қоса кетті сонымен,
Қынжылғанмен не шара? –
«Егін шықсын, алдымен,
Ат біржаққа қаша ма!–
Деп те қойды Байқосақ
Баласына өкінген,
– «Егін жаман болмас-ақ.
Сақтаса егер көз-тілден!»
Деп өзінше кей шақта
Іштей тілек тіледі.
Ең алғашқы қазақта
Егіншінің біреуі.
ІII
Қара қырға кетпен ап,
Ертең шығам деген күн,
Үй алдында Байқосақ
Қолына ұстап егеуін,
Егеп, баптап отырды
Суарылған кетпенді.
«Мында кел!» – деп шақырды
Жалғыз ұлы Сəкенді.
Біздің егін салар жер –
Қарасайдың жағасы.
Ерсін бізге, хабар бер,
Көрші үйлердің баласы.
Ерт, бəрі де қалмасын, –
Атымтайдың Мəлігін,
Əшірбектің Хамзасын,
Ноғайбайдың Тəлібін –
Амантайын Айтпайдың,
Əбдрашын Көпбайдың,
Қалдырмастан ертіп кел,
Бəріңдағы барасың.
Құралдарды бөліп бер,
Осы алтауың жарайсың! –
Деді əкесі Байқосақ,
Кетті ұлы тыңдай сап.
IV
Ойдəй келіп шаңдатты
Жеті кетпен қыр басын.
Өңшең бала қайратты,
Салса, кімді тыңдасын!
Мəз болады Байқосақ:
«Қайтпа, ерлер, қайтпаңдар! –
Дейді кейде айқай сап –
– Башпайларың байқаңдар –
Шауып кетіп жүрмесін,
– Шетке таста шөптерін.
Ұсақтап тұр ірісін
Шүйдесімен кетпеннің!–
Деп ақылын жиі айтып,
Қояды сол Байқосақ.
Жаны сонда бір шалқып,
Көңілі де бір жасап.
V
Егіндік жер шабылды
Бас-аяғы бір күнде.
Қол тырма да табылды
Топырағын үгуге.
Себу керек тұқымды,
Алған сатып бір қапшық
Қалар, күтсе көп күнді
Топырағы тобарсып.
Бұрын егін екпеген,
Аз астықты ептеген
Байқосақтың бидайды,
Көзі жерге қыймайды.
«Шыға қалса құба-құп,
Шықпай қалса жүдə жұт!» –
Деп те күдік ойлайды,
Екпей, бірақ, болмайды!–
Азар болса шықпассың,
Тəуекелге нық бастым.
Еңбек еткен, балалар,
Несібеңе қараңдар!
Бəрің де шын тіле тек,
Еңбек сіңір – деді де,
Бала басы бір етек
Бидай берді себуге.
VI
Ексе дағы егуін
Болды уайым шығуы.
«Шығар» деген сенімін
Жеңе берді күдігі.
Көктейтұғын мезгілі
Асып кетті бір апта.
«Егін Өсер» деп жүрді
Балалары бірақ та.
Егісінің бұл күйін,
Тек Байқосақ ұғынған.
Баяғы сол бір құйын
Боз топырақ суырған.
Келсе егіннің басына,
Жүдеп қайтар кеңілі.
«Өткен деген осы да,
Егін екпей өмірі,
Келмеді ме бабына,
Қайшы ма екен заңына?
Жер сұраса берер ме,
Мұрат байдан тағы да!-
Осы ойымен əуре боп
Жүрді егінші Байқосақ.
Мазақ етер елде көп
Мұндай іске жанын сап,
Шыға қалса жетті енді,
Кетседағы торғай жеп!» –
Деп биылғы көктемді
Тосты ырысты болғай! – деп.
VII
Себілгелі сол егін
Өтті күндер арада.
«Өзім барып келемін,
Біраз күнге қалаға!
Бар еді бір сырқатым,
Емдетем деп жүретін.
Соған сəтті күн таптым,
Енді келді ретім.
Қалсам егер бір айдай
Емделумен жатып ап,
Егінді естен шығармай,
Жүргейсіңдер бақылап! –
Деді дағы Байқосақ,
Жыйылған топ балаға.
Көк биесін жеге сап,
Жүріп кетті қалаға.
VIIІ
Айтқанындай Байқосақ
Жатып алды емделіп,
Бұл кездерде өркен сап
Шықты дəндер жерге өніп,
Өзін еккен жас ұлан
Балалардан айнымай,
Жел жүгіріп басынан
Тербеледі əр бидай.
Еңбек деген осы да,
Көрсең көзің тойғандай.
Құба қырдың басына
Көл орнатып қойғандай.
Сүйсінеді балалар,
Таңданады өздері.
Өз еңбегін бағалар
Тұңғыш міне кез келді.
Арам шөптен арылтып,
Өбектейді бидайын.
Шөлдесе олар шаң жұтып,
Шөлдетпейді бидайын.
Қарасайдың қабағын,
Кетпенменен қырнап кеп,
Орап егін жан-жағын,
Байлап қойған суды əкеп.
Алты бала – алты дос
Жүрді сақтап бұл салтын.
Ортақ еңбек – көңіл хош,
Етті оларды тым жақын.
Қояды тек кейбір сəт,
Көңілдері алаңдап.
Бас егінші Байқосақ
Қашан қайтып оралмақ?
IX
Келе жатты бір күні
Қырдан асып Байқосақ.
Есіл-дерті егіні,
Талай күдік ой қоршап,
Тура егінге бұрылды,
Ауылға да соқпастан.
Балалар да жүгірді
Көріп, сабыр таппастан.
«Сүйінші де, сүйінші,
Егін шықты, көк егін!»
– Мен айттым, мен бірінші,
– Жоқ, алғаш мен көргенмін–
Деп шуласты балалар, –
«Тоқта!»–деді Байқосақ.
Сендерге төрт сұрау бар. –
Болдындар ма айқай сап?
«Шөбің өсті – дейсің бе?
Егін өсті – дейсің бе?
Жерге қарай өсті ме?
Көкке қарай өсті ме?
– Көкке қарай, я көкке!
Арылтқанбыз шөптен біз.
– Олай болса біз текке
Шаршамаған екенбіз.
Көп жасаңдар, балалар,
Келдім, сырқат тазарып.
Міне əкелдім, қаладан,
Сендерге де базарлық!–
Деді шат боп, расынан,
Айтып сырын бар тіпті.
Ала қоржын басынан,
Алып жатып кəмпитті.
X
Сөйтіп еккен сол егін
Ғажап бітік шыққаны.
Құс та жемей, жел оның
Сабағын да жықпады.
Бір қапшықтан он қапшық
Егін басты Байқосақ.
Аз ба,
көп пе ойлап шық,
Шын ба, əлде бұл жаңсақ.
Көп қой десең еркіңде,
Аз болды деп өкінбе.
Тиді əйтеуір сол астық,
Бала басы бір қапшық.
Содан қайтып жыл сайын,
Егін екті Байқосақ.
Балаларға іс жайын,
Сеніп кетті Байқосақ.
«Аты болсын менікі –
Егіңдер дəн жас ұлан.
Ашықпасын ел жүртың,
Тарықпасын асынан!
Сұрап алған жарымас,
Егіп алған емінбес.
Еңбексіз ас табылмас,
Еңбектен де, белің шеші!
Шашылған дəн өсетін,
Торқа екен ғой жеріміз.
Білмеппіз ғой қасиетін,
Қадірлейік енді біз!»
Деген екен Байқосақ
Соңғы егінін жыйнарда.
Сол бір сөзі көп ой сап
Жетті біздің жылдарға.
ХІ
Бардым былтыр, балалар,
Туған жерге сағынып.
Нелер жаңа қалалар,
Қалыпты тез салынып.
Жер еді бұл тым шалғай,
Əрі елсіз, əрі кең.
Машина да тым оңай
Аса алмайтын өрінен.
Жадау еді жат тұлға,
Жаздырмайтын ой тұрқын.
Белесінде ақ бұйра
Селеу ғана толқыйтын.
Енді кəзір жағалай
Жатқан жалпақ көк егін.
Мен теңізде бір шалғай
Бейне жүзіп келемін.
Қалды маған совхоздың
Директоры жолығып.
Баласы екен тап біздің
Байқосақтың сол жігіт.
Жіберді өткен тарихты
Осынау жігіт ойға сап.
Есіме түсті сол бір шақ,
Есіме түсті Байқосақ.





Пікір жазу