11.07.2022
  60


Автор: Ғафу Қайырбеков

МИЛЛИАРД ДЕГЕН САЛМАҚПЕН

Айбыны күздің ежелден
Ақ жауын, нөсер, ақша қар.
Асырсаң артық кезеңнен
Ашуын айтпай, бас салар.
Биыл да салды қиғылық
Дағдыдан тіпті ерте кеп,
Қара бұлт қаптап ұйлығып
Бұрқана шөкті жерге кеп.
Басталды үлкен арпалыс,
Табиғат-адам қат-қабат
Көрсетті адам асқан күш
Астығын бермей арқалап.
Жағаға тиген жармасып
Қайырып күздің шеңгелін,
Алтын бір өзен арнасын
Ағызып жатыр ерлерім.
Серттескен жерде мызғымай
Қалатын халқым қашанда.
Ашулы болса күз мұндай
Бұғалық дайын асауға.





Пікір жазу