11.07.2022
  110


Автор: Ғафу Қайырбеков

Күн сəулесі шашырап...

Күн сəулесі шашырап,
Ауа жұпар сепкенде.
Алтын аймақ атырап,
Өмір күйін шерткенде.
Ақ көйлекті əлгі шал,
Үйден шығып байыппен.
Суын төгіп, алып сəл
Айналысар қайықпен.
Ерте кезде еменнен
Шапқан біреу – сол қайық.
Атағы ескі дегенмен,
Жүзуінде жоқ айып.
Жүзеді шал қалтылдап,
Қолы ескекті бұлжытпас.
Секілді оған алтын тақ –
Жағадағы жұмыр тас.
Барып соған отырып,
Омырауын ашады.
Аздап терін кептіріп,
Аздап демін басады.
Ал содан соң айқайға
Құлақ тігер төңірек.
Қарамастан ай-шайға
Бала біткен төгілед.
Шал бастайды жағада
Күндегі сол ермегін.
Анталаған балаға
Берер шешіп көйлегін.
Көйлек қолға тигесін
Көкала көкпар басталып,
Шал байғұстың жейдесін
Тартады бəрі бас салып.
Қызар майдан жарқылдап,
Екі санын шапақтап,
Шал күледі қарқылдап,
Астау басы қалтылдап.
Күлкінің, сен көкесін
Көрмей жүрген екенсің.
Жұмыр тасқа жата қап,
Шал соғады шекесін.
Көздің жасы шұбырып
Көкіректі жуады.
Іште күлкі қыдырып,
Шалдың шегін буады.
Өлімші боп күлкіден
Шал қалғанда əрең сау,
Жалғыз жаға, екі жең,
Өзге жағы қырық құрау.
Соры шыққан көйлекті,
Береді əкеп балалар:
– Бəрекелді, дүрлеттік,
Болды-ау қызық, қан базар!
– Бірін беріп, бір күлем
Бас жұтамас көйлектен,
Қайран, осы күлкіден
Айырмасын! – дейді екен.





Пікір жазу