НЕМЕРЕЛЕР
Жексенбінің күнінде
Келген сайын демалыс,
Атасының үйінде
Болады үлкен жиналыс.
Бес немере бес жақтан –
Үйдің іші толады.
Бес саусаққа ұқсатқан
Атасы да соларды.
Біреуі кеп қол беріп,
Бірі бетін тосады,
Қандай ыстық сəн-көрік,
Үлкен үйдің ошағы.
Басталады бір думан –
Сағынышпен қауышқан.
Үйдің іші жаңғырған
Алуан түрлі дауыстан.
Мынау жаңа ойыншық,
Мынау жаңа бір кітап, –
Алдарына жайысып,
Көздері де жыпықтап,
Бас изескен, тыңдасқан,
Кенет айнып көңілдер
Басқа ермекке ұласқан, –
Бəрі қызық көрінер.
Жаңа көйлек, башмақтар,
Жаңа мынау галстук.
Панамалар, қалпақтар –
Айырбастап алысып,
Кезектесіп киісіп,
Қызықтасып, мақтасып,
Сүйісіп те, тиісіп,
Аздан кейін шатасып,
Қайсысына атасы
Болысарын білмейді,
Бəрі – өзінің ботасы,
«Бəрімізді сүй» – дейді.
Сондайда бір тағы да
Ата – құшақ толады.
Балапандар бағында
Бағбандай болады.
Үйдің іші – хош иіс,
Түгел жұпар айналаң.
Қандай жақсы қосылыс
Жас бұлбұлдар сайраған!
Бұл ғажайып демалыс,
Немерелер мекені
Тұла бойға жаңа күш
Құйып беріп кетеді.