БАҚЫТҚА
1
Балам, сені осы көп
Айтып жүр ғой жақсы деп,
Мен өзім де ойламан
Ақыл сенде тапшы деп.
Көз тиіп ед бір рет,
Жүрек сорлы дірілдеп,
Жарыла жаздап, сау қалды
Естіген соң «тірі» деп.
Оның несін айтайын,
Шүкірлікке қайтайын,
Көргенімде қуанам
Жеті сайын, ай сайын.
2
Мен ұлғайған шығармын,
Сендегі өмір-жол əсем,
Ақындықты бір алдың,
Ақылымды көп ал, сен!
Кəрі таудың қойнында
Жыл жинаған кені көп.
Кəрі адамның бойында
Ақыл жимас жері жоқ.
Ақша деген бір күнгі
Бола қалған олжа ғой.
Ақыл деген мың жылғы
Тозу білмес қорда ғой!
3
Мендегі арман – жұмыс тек,
Қолым тисе – мың тəубе!
Маңдайыңнан иіскеп,
Шашыңды бір сипауға!
Ынсап пенен ынтаның
Емі – өзіңді сəл билеу.
Сенің де бір іңкəрің –
Өз балаңды əлдилеу.
Білемін мен, нанамын,
Шаңырақты сақтайсың.
Ең асылы, қарағым,
Кісілікті баққайсың.