11.07.2022
  83


Автор: Ғафу Қайырбеков

ƏСЕТ ДОС

Əсетжан, əсем достық алауысың,
Жығылмас Адамдықтың жалауысың,
Ел үшін, ел сыйлаған заман үшін,
Мен үшін, жарым үшін, балам үшін.
Достығың отыз жылдан асты міне,
Қырықта қылшылдаған жас күніңде
Сенімен кездесіп ем құшақтасып,
Ант беріп, айрылмасқа бас тігуге.
Елестер сені көрсем қазақ жұртым,
Білдірмей сол кездегі азын ұлттың,
Көбейткен берекесін, аманбысың –
Уа, менің Көкшетауым, Қазығұртым!
Халқыңа қызыл судай беделіңмен,
Бір жаса сері көңіл сен еліңмен,
Қиыннан қайыспаған қабырғаңа
Сүйеніп əлі күнге келемін мен.
Сапырған дүниені Сыр суындай,
Қайратың қара нөсер бір суынбай,
Тағдырдың қырсығына қылыш ұрдың,
Құдайдың қолындағы ұршығындай.
Зорықпай, талықпай да танауратып,
Басыңнан уақыт бұлтын сан аунатып,
Тұлпарым, тұяғыңа шаң жұқтырмай
Жетпіске жетіп келдің жалаулатып.
Ал соған қол соғады Ғафу досың,
Тірліктің бірге кешкен алтын көшін,
Айтамын құтты болсын Көкшетаудан,
Алладан əр тілегің мақұл болсын!
Сəлем де балаларға, Қапираға,
Сəлем де қара шаңырақ қарт ұяңа.
Барармын базарлыққа өлең артып,
Қалсам да қатыса алмай қапияда.
Қашанда достық – деген атпен өскен,
Қабыл ал «қайран досым, қап!» деместен.
Сəлем де ел-жұртыңа тойлап жатқан
Кəдімгі қара Ғафу, ақ Бəдештен





Пікір жазу