11.07.2022
  81


Автор: Ғафу Қайырбеков

ШЕРХАН ДОС

Жылдар, жылдар...
Кешегі керуен жылдар...
Жолдар, жолдар...
Ол жолда кім жоқ, кім бар, –
Түгендейтін тұрып ап қыр басында,
Кеше бота,
Жүк артқан бүгін бір нар.
Дүние солай өтеді қайрылмастан
Кешегіні бүгінмен айырбастап,
Ағаң менен ініңді алмастырып, –
Жоғың менен барыңды жайып тастап.
Шерхан, Шерхан!
Отыз бес жыл бұрын, Сен,
Жігіттіктің сүйреткен шылбырын, Сен, –
Құнан едің құлдилап қырдан асқан,
Бірде түзу, жүгірген – бір қырын, Сен.
Көп шабыстың ішінде кім аңғарған,
Шығарыңды бұл күнде бір аңғардан,
Шығарыңды шырқырап атқан оқтай
Тосарыңды тозаңды бір-ақ алдан.
Сол шабыспен алты қыр, алты саты –
Келіп қапсың бір шыңға алпыс атты,
Ауыстырып ылаумен алпыс атты, –
Ауыстырып сақалға жастық шақты.
Енді ұйқының төбеңде бұлты сиреп,
Сені де алға шығарды жұртың сүйреп,
Сенің дағы аузыңа ел қарады,
Азаматым бар ғой, – деп, арқа сүйеп.
Ал таң атты, күн шықты, сені оятты,
Мемлекет жалауы көк байрақты.
Қанат қақты, парламент қоңырау соқты,
Үзеңгіге, батырым, сал аяқты!
Қақпа ашылды, сықырлап жөнелді есік,
Біз тұрайық ентелеп, елеңдесіп,
«Ұлт туралы сөйлеуге, трибунаға
Шерхан шығып барады» дегенді естіп.





Пікір жазу