11.07.2022
  331


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖЕҢЕШЕМ

(Бикен Римова)
«Біздің Бикен!» деген сөзді сыйғызып,
Соғар едім ұста болсам бір жүзік,
Арнар едім соны саған, жеңеше,
Жетпіс жаста жас келіндей тұрғызып.
Ондай менің жоқ қой, əттең, өнерім, –
Жүзік болсын жазған осы өлеңім.
Жүзік тозар, ия болмаса жоғалар,
Ал өлеңнің тозбасына сенемін.
«Халық қызы», менің жеңгем Бикенім», –
Десем саған, жақсы бағаң – бұл сенің,
Өнеріңе алпыс екі тамыр мен
Бəрі балқыр жетпіс екі жүйкенің.
Сен жеткіздің мың əйелдің мінезін –
Сахнада өміршідей бір өзің,
Барлық миды, бар жүректі биледің,
Өнер-аспан, Ай да өзің, Күн де өзің.
Бəлкім, ақын асып кетсе, кешірім,
Жеңгесіне тең таппаса, несі мін,
Еркелеймін, əрі именіп, сыйлаймын,
Ертелі-кеш естілгенде есімің.
Сен ағамның, Шахаң шаһтың жарысың,
Құшақтаған ел қазақтың арысың.
Неткен сенің бақытты еді білегің,
Неткен күшті махаббатың, намысың!
Бəрін-бəрін білем, сезем жүрекпен,
Ол тарихқа енді талай жыл өткен,
Сен бөлендің құрметіне халықтың
Талант деген құдай берген құдыретпен.
Бəрі де бар – Атақ, даңқ, Абырой,
Салт-салтанат, салиқалы сабыр, ой.
Тек Шахаң жоқ – əттең, мұның бəрінен
Бір шалыңның болғаны да тəуір ғой.
Сен артиссің, жазушысың, данасың,
Жетпіс асқан Бəйбішесің, анасың,
Бірақ мынау тойыңда да, ойымда
Сен мен үшін Жеңеше боп қаласың





Пікір жазу