11.07.2022
  95


Автор: Ғафу Қайырбеков

АТА ЖЫРАУ

Сонау бір Абылай-заман алыстағы,
Қазақтың қасқа маңдай данышпаны.
Ханы да, батыры да бас шұлғыған
Адамның алтын жалды Арыстаны.
Есіме Бұхар түссе, таңдай қағам,
Дүниеге келген-ау деп мұндай да адам.
Зар болған бір сөзіне өткізе алмай
Байың да бар дəулетін мыңды айдаған.
Бұхардай буып-түйіп айта алар ма
Бір сөзін бүкіл ру тайпаларға,
Тоқтаған қашқан керей, босқан арғын,
Жүре алмай Қыпшақ жүгін тартқан арба.
Түстікте Үйсін-аға, батыста Əлім –
Сөзімен шешкен түйіп шатысқанын,
Жүгінткен Абылайдың алдына əкеп,
Тоқтатқан ағайынның айтыстарын.
Төккенде жыр маржанын түйдек-түйдек,
Жүк болан тарта алмайтын атан сүйреп.
Қазақта қасиет сөздің қазынасы, –
Бұхардай бұл тарихта адам сирек!
Бұл күнде үш жүз жылда жиырма беске
Толғанда, түсер ғасыр ғұмыр еске.
Қазақтың қандай халық болғандығын
Сол Бұхар дəлелдеген – Ұлы емес пе?
Не айтайын Бұхар десе, бұдан басқа,
Бір сөзім бермейтұғын бір алмасқа, –
Тілеймін – тағы да бір Бұхар тусын,
Тағы да ақыл айтар алты алашқа!





Пікір жазу