МҰҚАН, СЕНІҢ ЖҰЛДЫЗЫҢ...
Мұқан, сенің жұлдызың таныс маған,
Шығысында аспанның қоныстаған.
Сол жұлдыздан бір ғажап үн келеді,
Қазақ атын шақырып, дауыстаған.
Дауыстаған, биікке жетелеген,
Көкжиектен көз ашып ертеменен.
Ел рухын көтеріп, аскақтатып,
Ұран болып құлаққа жетеді өлең.
Тұла бойым шымырлап сонда менің,
Іштен тынып, шығады зорға демім.
Салтанатпен қалшиып қалам қатып,
Шепте тұрған батырдай қорғап елін.
Мейлі ол маған əн ұран, ел ұран ба, –
Аруағымды оятқан ылғи таңда.
Шабытымды шақырған шаңқай түсте,
Күй боп мені тербеткен күн батқанда.
Бəрібір сол – аяулы жұлдыз үні,
Мені бастап жүреді күндіз-түні.
Оны естісек, құлақтың амандығы,
Яғни біз өмірде жүрміз тірі!
Мен айналдым сонау бір құт жұлдыздан,
Мен айналдым халқымнан ұл туғызған,
Мен айналдым Мұқанның құдіретінен
Бар қазақты алдында тік тұрғызған.