Ескерткіш
Сонау шаһар Уфадан,
Медреседен енді елге,
Сағынышпен сусаған
Бала шəкірт келгенде.
Одан бергі Троицк
Мешіттері самсаған.
Жеккендері пəуеске
Бай ноғайлар қоршаған.
Сол шəһардан жас жігіт
Білім алып, ой тапқан.
Болашаққа асығып
Шыққан беті «Айқаптан».
Яки талай жол кешіп
Қарабалық, Бөрліден.
Баяғы бір тал бесік,
Туған үйден көрінген.
Қыр астынан шығатын
Қайран алтын Қостанай.
Жатқандай боп түн қатып
Керуен қонып, көш талай.
Сонда болған осы алаң –
Қостанайдың қақпасы.
Тоғыз жолдың қоршаған
Тоқайласқан қақ басы.
Осы араға Би-ағаң
Талай-талай кеп түсті.
Бір қолында шамадан,
Бір қолында кепкісі...
Жетпіс пе əлде, сексен жыл
Өткен болар арада.
Артта қалып кешкен жол,
Алда туған қалаға.
Тағы оралып тұр міне,
Бар шабыты бабында.
Сол бір тірі күнінде,
Сол бір жайсаң шағында.
Сол баяғы асыл күй –
Бізге мəңгі мақтаныш.
Кел, əлеумет, басыңды ій,
Кел, жолаушы, аттан түс!
Аттан түс те, сəлем бер,
Бүкіл қазақ сыйлаған.
Бəрің сүйген кемеңгер –
Алдында тұр Би-ағаң!