АХАҢ ТУРАЛЫ ОЙ
Жаралып асыл Торғай топырағынан,
Қазаққа болып кеткен ортақ ұлан.
Ұлдар көп, ең бастығы Байтұрсынов,
Ахаң деп, өз ағам деп, Ел таныған.
Ол өткен ауыр жолдар, асыл жолдар
Болашақ асылдардың басын жалғар.
Ілінген мəдениет сарайында
«А» деген əліппеңнің басында ол бар.
Əуелден бас болуға жаратылған,
Жарқырап жарық жұлдыз дара туған.
Əр сөзі – пайғамбардың тасбиығы,
Əр тасы дұғаменен таратылған.
Қасқиған қазағыңның кең маңдайы,
Далаңның жеткізбейтін жер шалғайы,
Көз тіккен көлеміне көк аспанның
Түнекті түріп түскен найзағайы.
Данасы қазақ түгіл Ер түріктің,
Тарихы жеті ғасыр, жеті жұрттың.
Миына керуендей түнеп қалған,
Шыңына шыға алмаған ентігіп күн.
Қопарып, қорда басқан тіліңді аршып,
Қолыңа қайтып берген сынын ашып,
Ақылмен Ай сынығын Айна қылып,
Көр деген көлеңкеден жүзіңді ашық.
Алламен аты қатар Ахаң еді,
Бүгін де алғысымен атар Елі,
Атыңнан мен де айналдым, қайран Атам,
Əрқашан тастамасын батаң мені!