11.07.2022
  89


Автор: Ғафу Қайырбеков

ҚЫРЫҚ ЖЫЛ ҮЙІМЕ

Қырық жыл, құдай бізді сақтағаннан,
Қаншама асу-белес артта қалған,
Қаншама қайрат жұмсау керек болды,
Бітпеуге адал үміт, аппақ арман.
Қырық жыл – ауыз үшін айтуға оңай,
Өткелден өттік біздер талай-талай,
Қайысты қабырғамыз, жан күйзелді,
Аллаға жалбарынып қарай-қарай.
Сан рет шаңыраққа төнді қауып,
Қисайып, орта жолда жүгім ауып,
Тұрғанда, жаутаңдадым жан-жарыма,
Ол сонда шығушы еді жолды тауып.
Тапқаны – дүниені сірестіріп
Жинамай, жүрді жұртқа үлестіріп,
Құдайдың күтуші еді несібесін,
Құдай да қоймады оны түгестіріп.
Қазақтың қасқа жайсаң сабаздары
Бас қосты мұсылмандай намаздары,
Соларға дəм татқызып, бата алушы ек,
Содан да жүрек тозып, жан азбады.
Мақтады ақ Бəдешті соның бəрі,
«О, шіркін, жақсы болса ердің жары,
Осындай болсын» деген дауыстары
Жаңғырып құлағымда тұрады əлі.
Зəрем жоқ тіл мен көзден сонда менің,
«Уа, аруақ, уа, тəңірім, қолда!» дедім.
Қолдады, бір ғажайып қуат берді
Таусылмас дəмім шығар ол да менің.
Қырық жыл, қырық дұға, қырық шырақ,
Жағайын, тағы жанға қызу сұрап,
Қасыма келші, Бəдеш, ақ бəйбіше,
Баяғы қыз күніңдей жылы ұшырап.
Кеш мені, көп қажытсам бейнет беріп,
Сабырмен соның бəрін сен өткеріп,
Қозғалмас алтын қазық секілденіп,
Тұрасың көз алдымда бөлектеніп.
Ал, шүкір! Жеттік міне қыр басына,
Жан болмас сенен өткен ұрғашыда,
Қыпшақтың асыл тұқым, бір нəсілі
Қасиетін үйіп-төккен бір басыңа!
Болғанмен өзің – алтын, жарың – күміс,
Тоздырмай қояр ма оны дүние-тұрмыс.
Солардың бəрін көріп, солқылдамау,
Емес ол бір пендеге оңай жұмыс.
Адалсың, жаңа жауған қар секілді,
Биіксің, жібек жабу нар секілді.
Қырық жылда мен мақтамай, кім мақтайды,
Жар болдың, жар болған соң жар секілді.
Рахмет, не айтайын, қалқам,
Саған, Риза, риясыз ортаң Саған.
Өмірдің қалған жағын біз білмейміз,
Əлі де көз тиер деп қорқам Саған.
Бақытым, Ғафурам мен Əлимашым,
Үш қарға – мен жасаған жарым жасым,
Сыйлаған сенің маған үш маржаның,
Құдайым тек солардан жарылқасын.
Ағайын, айналайын құрметіңнен,
Жерің жоқ ақ көңліме кір келтірген.
Бұйырсын сендерге де осындай той
Əрқашан орын алып күн бетінен.
Шығардым көңіл күйін, жан дыбысым.
Осындай қуаныштың барлығы үшін,
Ғафудың қырық жылдық қазынасы –
Мынау бір шаңырағының саулығы үшін!





Пікір жазу