АУЫЛЫМ, ЖАҢА ЖЫЛЫҢМЕН!
Қазақта қасиетті сөз «Ауыл» деген,
Ел – деген, қара шаңырақ қауым – деген,
Қашанғы ата-баба топырағы,
Ұлғайған ұзын ұрпақ, бауыр – деген.
Ынтымақ, ырыс, бірлік – бəрін құшқан
Жалғыз сөз жаратылған сағыныштан,
Есіме «Ауыл» десе, үйім түсер, –
Ен жайлау, əке-шешем бар туысқан.
Тарихта талай өткел, тар қыспақтан,
Сан соғыс, аштық қырсық қан қақсатқан,
Бəрінен аман қалған қайран ауыл,
Мен үшін артықсың сен бар ұрпақтан.
Артықсың қала, шаһар, хан сарайдан,
Биіксің қаншама ақыл, қаншама ойдан.
Кетеді тұла бойда қан шымырлап,
Көрінсе көк түтінің əлдеқайдан.
Көк жалау желбіресе шаңырақтан,
Келгендей ғажайып үн аруақтан.
Сол тудың астына кеп ұялайсың –
Алтайдан, Алатаудан салып «Аттан».
Арқадан, Атыраудан, Дария-Сырдан
Аспанға ақ тозаңнан жол асырған.
Қол болып қара құрым қаптайсың Сен,
Əдетің жер қорғағыш сан ғасырдан.
Сар дала, салқын жайлау кең көсілген,
Төсінен қалың бұлттай ел көшірген.
Ауылым, ақ мекенім, панам, саям –
Тербетіп тал бесікте мені өсірген.
Кемітіп жатса біреу сені қорлап,
Кетеді қаным қайнап, жаным зарлап.
Намыстан өртенемін, оянады,
Тереңде жатқан сөнбей шоғым жайнап.
Сен маған сондай сезім берген жастаң,
Арасын шарлағанда жер мен аспан,
Көзіме көрінесің, алтын қазық
Байлаған құлын күннен қозғалтпастан.
Мен саған күндіз-түні ораламын,
Жөргегім қабат-қабат оранамын.
Сонда да мен көргендей боп, мəз боламын,
Жанарын маған төнген жан-анамның.
Білем мен халың сенің кəзір ауыр,
Басыңда қымбатшылық, қиян дəуір.
Алмайды қара еңбектен жаның дамыл,
Бас босап ең болмаса жылында бір.
Баяғы бір анадай аппақ жанмен
Қаланы асырайсың сүтпен, нанмен.
Жалаңаш-жайдақ күйің көрген сайын
Қиналам, өз-өзімнен қысылам мен.
Əрине, дəрмен-ылаж жоқ қой менде,
Жұмақты түсіретін көктен жерге,
Дəулетті əкелетін ортаңа əкеп –
Көргенім болмаса тек көппен бірге.
Бар балаң өзімдей боп толғанса егер,
Жабылып жағдайынды қолға алса егер.
Байлығың басқа жаққа шашырамай,
Жиналып бір сабаға қорланса егер.
Береке, татулықты жиып тұрсаң,
Уыздай уақытыңда үйып тұрсаң,
Баяғы ата-баба батасымен
Төменшік, пенделіктен биік тұрсаң.
Сонда сен тез жетесің мұратыңа,
Құтыңа, қуат қосып қуатыңа,
Ел үшін мың шақырым жол жүрсе де,
Баяғы арымайтын мін атыңа!
Баяғы қажымайтын жолыңа шық,
Ел едің жақсыларға жаның ашық,
Жомарт ең ұсынғанда қолың ашық,
Сол үшін болған саған бəрі асық.
Тілеймін Жаңа жылда мол жақсылық,
Өзіңе құдай сені жолдас қылып,
Жасасын болашаққа жолбасшылық,
Аман бол қазақ деген қараша ауыл.
Отырмын осы өлеңмен қол тапсырып!