11.07.2022
  103


Автор: Ғафу Қайырбеков

АҒАНЫ АҢСАУ

Тоқсанға толған күніңде,
Тоғыса алмадың халқыңмен.
Көрісе алмадың дүние,
Дүрілдеп тұрған даңқыңмен.
Таусылды, тағат амалым,
Даусыңды ғана тыңдатып.
«Жоқ» деген қиын қамалдың
Ар жағынан үн қатып.
Ғайып боп ғажап кескінің –
Патшадай мүсін, ай маңдай.
Қағасың бұлдыр кешқұрым,
Ауаға жұпар жайғандай.
Қайтара алмай өзіме
Алланың қатал бұйрығын,
Көрінбей қалдың көзіме,
Айбыны асқар биігім.
Халықпен өмір бір кешкен
Даңғайыр, дархан данышпан.
Еңбегіңді айтып түгеспен,
Қадіріңді айтып тауыспан.
Сағындым мұңнан айықпай,
«Қасымда жоқ» деп ағам да.
Ескексіз мынау қайықтай
Қалтылдап тұрған заманда.
Баяны қысқа аз дəурен,
Өтерсің сен де біздерден.
Арыстандарды аңсаумен
Арыстарымды іздеумен.





Пікір жазу