«ЖАЗУШЫ» БАСПАСЫНА АЛПЫС ЖЫЛ
Əлі есімде Пролетардың көшесі...
Осы күнгі көп көшенің «шешесі»,
Əлі есімде... ескі көпес ескі үйі
Көк темірмен көмкерілген шекесі.
Біреуінде «Жазушылар одағы»
(О, дариға, заман екен о-дағы),
Екіншісі «Кихл» деген баспа еді,
Сол одақтың бағынышты «боданы».
42 жыл бұрын, ия, осыдан,
Мен сол «Кихлдың» санатына қосылғам.
Төрт жыл бойы ойнақтағам төсінде,
Кəрі ҚазПИ – ажырарда досымнан.
Он алты жыл сонда жастық күні өтті,
Өңшең отқа орап алған жүректі,
Қайран менің қара шаңырақ мекенім,
Адам етті, ақын етті, түлетті.
Əлі есімде – Жақан, Айтпай, Қалмақан,
Ғабдол, Фатих, Жаулыбайдай кəрі атан.
Құлыбектің Абдолласы, Ғалекең,
Сағынғали, Сырбай менен ақ Тақаң.
Əлі өзімдей жаңа өршіген желігі,
Өлең-жырдың Төлеужандай көрігі,
Жұмағали, Айтпай Шанжар, Тілеген,
Құланбай, Жаппар, Қирабайдың Серігі.
Əбдікəрім, Қабдыкəрім, Ізтайлар –
О, дариға: күндер еді біз тойлар,
Көбі кетті дүниеден солардың –
Көкірегімді еске алғанда мұң жайлар.
Оларды айтсам, сағынышым көпке ұзар,
Қайран жүрек сондағыдай отқа зар.
Басталатын ақындардың «шілдесі»,
Түс кезінде қайнаушы еді көкбазар.
Жайнаушы еді сыры толы тостаған,
Бүгінгідей ішіне су қоспаған,
Сəске түсте Сəукеңдерге жолығар,
Амантайлар таң азанда «тастаған».
Сөйтіп жүріп қыруар жұмыс тынатын,
Қолжазбалар жатпай ұзақ, шығатын.
Қалың-қалың кітап болып сөреде
Еңбегіңе көзің қунап тұратын.
Арыстандар Мұқаң, Сəбең, Ғабеңдер,
Олар келсе, жаңғырыққан сəлемдер,
Жарқ-жұрқ еткен алтын, күміс таяқтар
Қолдарына тұтқан ылғи кемеңгер.
Бəрі менің кешегідей есімде,
Өткен дəурен енді қайтып келсін бе,
Қиялыңмен өзің іздеп бармасаң,
Оны іздейтін бүгінгі ұрпақ сенсің бе?
Сөйткен менің туған ұям – «Жазушым»,
Саған деген сезім адал, сөзім шын.
Бар қазақтың рухы сіңген мекені,
Талантының тал бесігі өзіңсің.
Сен асатын алда талай белес көп,
Ол белесің – қиын күнің емес тек,
Тұрады ылғи сені көрсем, ұлт жазған
Көз алдымда таудай кітап елестеп.
Магниттей көкірек көзін ұстайсың,
Бұл тірлікте сен есімнен шықпайсың,
Бұл күндегі алпыс асқан ақсақал
– Бір кездегі балам ед, – деп ұққайсың.
Қырық кітап, бəлкім, одан көп пе екен,
Өзім жазған, сен бастырған түптеткен.
Біздің өмір қанша екені белгісіз,
Сен жасай бер, қарашаңырақ құт мекен!