11.07.2022
  117


Автор: Ғафу Қайырбеков

БІРЖАН-САЛ ТОЙЫНА

Ұлы ескерткіш – Сен сыйлаған əрбір əн,
Уа, кешір бізді, құдіретті сал Біржан!
Жаңа соқсақ бір ескерткіш көп жылдан
Топырағыңда толған алтын, мəрмəрдан!
Қиындыққа қирап жатқан заманға,
Арта салып кінəмізді əманда,
Жалықпаймыз арқалаудан борышты,
Барымызды бұйырта алмай саған да.
Ал сен болсаң, туған жердің боздағы,
Енді бізге айта алмайсың сөз дағы,
Тек ұшасың аспанымда əн салып,
Нұрдай жауып жасыл желек жаздағы.
Қаншама жыл қам көңілді көтеріп,
Жатқан шақта өмір шіркін өртеніп.
Бір сол үшін, жалғыз ғана сол үшін
Аруағыңнан садаға да кетелік!
Біржан деген – мыңға деген ұғыммен
Сөйлеп тұрмын өз басыңда бүгін мен.
О, Дариға, осыншама көп сөзден
Шырқар ма едім өз əніңнің бірін мен!
Мақтан Көкше, жер сұлуы, Ер-Ана!
Сал Біржанды туа алғансың сен ғана,
Сенің алтын бесігіңнің арқасы
Əн бөленіп тұрса бүгін кең дала!
Көктем, менің тұрасың сен ойымда,
Жүрсем дүние қыры мен ойында.
Біржан-Көкше, Көкше-Біржан – егіз сал,
Сені еске алам сыңарыңның тойында.
Жиырма жылдай үзбей соққан мекенім,
Сен ұқтырдың ұлылықтың не екенін, –
Біз өлерміз өлшеулі күн біткенде,
Өлмейсіңдер Біржан менен екеуің!





Пікір жазу