11.07.2022
  85


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТОРҒАЙ ТАСЫП БАРАДЫ...

Ұлы тауды жатқан қар қыстай басып,
Көктем жігіт бөктерген қыздай қашып,
Қара сүмбіл бұрымдар тарқатылып,
Торғай тасып барады, Торғай тасып.
Солтүстікке шыға сап шапшып, ұрып,
Əне тартты батысқа жалт бұрылып,
«Қара Торғай», «Сары Торғай», «Қарын салды»
«Жалдамаға» қосылды «Тасты» бұзып.
«Теке» шықты бақырып тау Қызбелден,
Терістіктен тепсініп жалғыз келген,
«Қоңыраулыға» қол бұлғап «Дəмді» өзені,
«Қарасуы Қазбектің» сəлем берген.
Одан əрі бұл Торғай боталай ма?
Басын қосты «Байғабыл» «Тоқанайға»!.
«Қабырға» мен «Жыланшық» қатар ағып,
Кездесе алмай кетеді бірталайға.
Үлкен Торғай – солардың ұлы анасы, .
Ұлы арнасы жайылып ұлан-асыр,
Жалпақ елді жарылқап олжасымен,
Балықтары жазыққа шыға қашып.
Жəрмеңке ашып құстары азан-қазан
Секілді бір ақ көбік, қара қазан,
Көк құрақтан көлдері алқа тағып.
Жұпар шашып тұрады-ау таңда азан.
Жаз бойына жататын өткел бермей,
Кең кемері жағалай шөккен белдей,
Су толатын астауы зор болған соң,
Ол тасқынның зардабын ешкім көрмей.
Бүкіл ойпат шабындық, шалғын кешіп,
Тербелетін шілдеде жасыл бесік.
Ат қып мініп – ойнайтын о, балалық,
Нар қамыстың найзадай басын кесіп.
... «Торғай биыл тасыды» деген хабар
Қандай бақыт сөз еді елең қағар!
«Онда болды! Береке толды», – дейтін,
Сақалдарын тарақтап қариялар.
Торғай тасып барады, Торғай тасып,
Туған жерге жүрегім қандай ғашық,
Қайтармын-ау биыл да, дəм бұйырса,
Толқынына бір сүңгіп, маңдай басып





Пікір жазу