11.07.2022
  81


Автор: Ғафу Қайырбеков

Алпыстың жетеуіне жас жеткенде...

Алпыстың жетеуіне жас жеткенде, –
Кəрілік келемін – деп ескерткенде,
Көрдім-ау Жаңа Арқаны көз аманда,
Əрі асып көкжиектен көш кеткенде.
Болдым мен бұл өлкеге неге құмар?
Өзімше оның түрлі себебі бар.
Бірінші бұл – Сəкеннің ақ бесігі,
Алдында бар қазақтың беделі бар.
Екінші – бірге оқыған достарым бар,
Сейфолла, Хамит, Серік Қошқар ұлдар
Аңыз ғып Жаңа Арқаны айтушы еді,
Тыңдаушы ек студенттік қостағылар.
Ақша тау, Кіші тау мен Ор таулары,
Секілді салтанаттың отаулары,
Көк шалғын үстіменен аққан өзен,
Сағымға жүзген жайлау, қыстаулары.
Жөңкілген жылқылары жанды бұлттай,
Жүйріктер шашасына шаң жуытпай.
Аңқиған ақбоз үйлер күнге қарап,
Айналаң ай астында ақ ұршықтай.
Қос шешен Іслам-аға, Сəйділ-көкем,
Ойпырмай солар да бір сəйгүлік екен,
Тарихи əңгімені жосылтқанда,
Дейтіндей қастарынан қашан кетем?
Сейфолла айналайын ер ардағы,
Жоқ еді мен дегенде аяр жаны.
Білмеймін жүз айтты ма, мың айтты ма,
Мен саған көрсетем, – деп Жаңа Арқаны.
Ішінде көрсете алмай кетті арманы,
Таусылып тіршіліктен татар дəмі,
Жоғалтқан асылдарым түседі еске,
Мынау бір қиын өмір сағаттағы.
Осылар Жаңа Арқаны таныстырған,
Талай жер астанадан алыс тұрған.
Боп кеткен көрмесем де өз елімдей,
Туыстай күнде хабар алыстырған.
«Ел атын ер шығарар» деген рас,
Сəкенді ардақтаған бүкіл Алаш,
Кешегі сол Сəкеннің сарқыты, – деп,
Жатсынбай мені дағы бауырыңа бас.





Пікір жазу