11.07.2022
  141


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖЕЗҚАЗҒАН

Бар қазынаны артып ап,
Уақытпен жарысқан.
Сен көзіме жарқырап
Көрінесің алыстан.
Бір бүйірің – Ұлытау,
Бір бүйірің – Қарсақпай.
Сені тапқан жігіт-ау
Қаныш-аға, ер Сəтпай!
Дəл осыдан жиырма жыл
Бұрын сені көргенмін.
Бұрымыңды сонда бір
Өлеңіммен өргенмін.
Ол – бұрымың сап-сары
Бидай өңді жез еді,
Құдай берген бастағы
Жез телпектің өзі еді.
Батырлардың баяғы
Жезге малған жебесі, –
Пайғамбардың таяғы
Жердің сөккен көбесін.
Киіз қалпақ қазақтар
Мыс қайнатқан ақ сүттей.
Қаһарлы қыс, жаз аптап
Жүрмейтұғын тас тінтпей.
Бəрін-бəрін суреттеп,
Жазған едім сол жылдар.
Шебер еді құрметке
Сол сабаздар, сол ұлдар.
Сарқылмасын бойында
Есіл дəулет, есіл құт.
Сəкен аға тойында
Жез тасыды десін жұрт!





Пікір жазу