АХАҢ ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Алламен атың ұқсас арыстаным,
Шыққанда Лаухил Махфуз – ғарыштан үн,
Тіл қатқан сол тəңірге Адамзаттан
Сен едің, құлақта əлі дауыстарың.
«Ахмет құдайменен сөйлесіпті», –
Дегенді жер құлағы сан есітті.
Құдай да қазақшаға жүйрік екен,
Екеуі бір рахат хəл кешіпті.
Қазақты құдай оған «ел қыл», – депті,
Еншіңе ен даланы бердім, – депті,
Сондағы Елшім сенсің, саған сенем,
Беделім, сен боласың белгім, – депті.
Ал содан бастады Ахаң, тілден бəрін,
Алғандай Айдан қуат, Күннен жалын,
Тазартты лас сөзден, кір-қоқыстан,
Нəр құйды, тіл емдеудің білген заңын.
Көтерді ғылыми тілге дейін оны,
Мағынасы бəрі жаңа, бəрі соны,
Содан соң ашты ғылым қақпасын ол –
Адамзат дамуының сара жолын.
«Сен түгіл құдайыңның өзі білген,
Тіліңнің қасиетін сезіп, үйрен!» –
Деді де қазағына, бауырына, –
Жоқ еді осы жолда көзін ілген.
Не керек, сор ма біздің маңдайдағы
Айыпты үйіп-төгіп қай-қайдағы,
Көпсініп алтын басын пақыр елге
Қамады, қырға айдады, ойға айдады.
Ойлаған жеткізбеді мың ісіне,
Тағдырдың дегенінше «мұнысы не?»
Кезінде көк тəңірісі ұйықтап қалған
Атты оны жер құдайы түн ішінде!
Естідім осы аңызды – бала шағым,
Кезімде ой аласа, сана шағын,
Көз қиып Ахаңды атау неткен сұмдық
Қазақтың атқаны ол болашағын.
Бəрі бар халық айтқан осы аңызда,
Жақсыға жасық сөзді қосамыз ба?
Халық бар, халық болса, Ахаң да бар,
Əнекей, отыр қазір ортамызда.