11.07.2022
  98


Автор: Ғафу Қайырбеков

Тоқтағұл тойына

Жасымнан атың сенің маған таныс,
Дала мен тауды қосқан бір жолбарыс.
Тайғанақ тағдырыңның жолы болған
Сары Арқа, Сусамырдың арасы алыс.
Арқалап, азынатып қобызыңды,
«Тоқтағұл тоғыз дауыс, тоғыз үнді!» –
Дегізген бар қазақтың баласына,
Өшірер қандай құдай сол ізіңді!
Шырмалап бұғау менен бұғалыққа,
Əділет, қолың жетпей туралыққа.
Зар илеп жүрсең-дағы жырыңменен,
Қостың сен бір халықты бір халыққа.
Бірге айтып ел қазақ пен ел қырғызды
Қашаннан бөліспеген еншімізді.
Қаншама туыспыз деп келсек-дағы,
Ең алғаш туыстырған сенсің бізді.
Ол – шындық. Бұза алмайды шындықты
ешкім,
Шындық пен тірлік кештім, бірлік кештім.
Бір ақын қазақтағы Ғафу деген
Уа, Тоқа, мен сеніменен кіндіктеспін!
Қалармын тарихты айтсам, көпке кетіп,
Өзіңдей өрен жырды төкпелетіп,
Тұрғандай көрінеді бүгін маған
Шоң Манас ер Қосайды еркелетіп.
Халқың бар ел сыйлаған, ер сыйлаған,
Дəметер менің одан сол сыбағам –
Мəңгілік атағыңды бермесе де,
Бір күнгі абыройыңды берсін маған!





Пікір жазу