11.07.2022
  189


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖЕҢІС СОЛДАТЫ

Соққанда жылына бір Жеңіс күні
Жанының жазылғандай кеңістігі,
Қарт солдат өз полкінің туын ұстап,
Білдірмей жалғыз аяқ кемістігін.
Алаңға шығушы еді таңғы шақта,
Полктас бауырларын сан құшақтап.
Сүйісіп, амандасып болғаннан соң,
Қасқайып тұрушы еді алғы сапта.
Соңынан тізілетін жауынгерлер,
Отанның əр тұсынан келген ерлер,
Жарқырап өңірінде ордендері,
Бір кезде алып берген елге бедел.
Бір кезде алып берген елге Жеңіс,
Сабаздар бірте-бірте келмей тегіс,
Жыл санап сирек тартып бара жатты,
Сарқылып сабасынан бейне теңіз.
Қырық жыл, қырық қатар жиналысқан
Сағынып, бір-біріне түу алыстан.
Туған жер аспанында айқұш-ұйқыш
Жол қалып, қарт бүркіттер зулап ұшқан.
Кездесіп тоғызыншы май мейрамында,
Алысқан ғарасаттың майданында.
Еске алып ескі жорық асуларын,
Қанатын қараушы еді жайған туға.
Ал бүгін... Өзге полк солдаттары
Қатарға тұрып жатыр андап бəрі...
Олар да түгел емес, сиреп кеткен
Кешегі бір-бір үйдің шаңырақтары.
Жалғыз тұр жалғыз аяқ мына солдат,
Төмендеп, көтерілмей туы аспандап,
Жалғыз тұр... Əлі келген бір адам жоқ,
Жаңғырып дуылдайды тулап жан-жақ.
Сағаттар зырылдайды, ағады уақыт,
Өмірдің баянсызын баяндатып,
Байлайды бір орында қарт солдатты,
Əлі де қайран үміт алаңдатып.
Жоқ ешкім. Күн еңкейді, жұрт азайды...
Қанатын түн жетектеп бұлт та жайды.
Еңіреп қоя берді бетін басып,
Солдаттың бар үмітін жұтты қайғы.
Дегендей «бұлттан бұрын мен жауайын»,
Көз жасын соңғы тамшы қан жуайын.
Дегендей солқ-солқ еткен кеудесінен
Көк тасқа тамды қасірет, тамды уайым.
Қайтадан сол тамшыны бір сіміріп,
Қараған өзге жұртты күрсіндіріп,
Көп талған күні бойы жалғыз аяқ
Кешкі ымырт қойнауына кетті кіріп.
Дейтіндей мезгіл емес – ертең-бүгін
Еске алдым қырық төрт жыл өткендігін.
Дəл бүгін сол солдаттай ұққан жан жоқ
Жалғанда жалғыздықтың не екендігін!





Пікір жазу