11.07.2022
  131


Автор: Ғафу Қайырбеков

Ықластың қобызы

І
Білмеймін тегі қай ағаш –
Əлде шындық, əлде аңыз,
Бейне жүрек жалаңаш
Күрең шанақ шал-қобыз.
Алдымда жатыр үн-түнсіз,
Үзілген қылы-ыспасы.
Жатыр ма сөйлеп ың-шыңсыз
«Көне бір заман нұсқасы.
Бізде ықылас болғанмен
Ықыласы жоқ, – иесі.
Ол қоштасып жалғанмен,
Қобызда қалған киесі.
Зал тым-тырыс, Мұражай.
Жағалай қобыз əулеті.
Қиқымы қалған шұғадай, –
Тұғымы Ықаң – Дəулеті.
Сөз алды бір кез толғанып,
Кірпікте жасы жылтырап.
– Уа, инабат, сенім мол халық,
Атамнан қалған бір шырақ.
Жүз жылдай жанып келіп ед
Біздің үйдің ішінде,
Шешем байғұс еңіреп
Ұстатпайтын кісіге. –
– Əкемнің көзі – өзі, – деп,
Қалды жылап ауылда.
Баладан артық көріп ед,
Басып келген бауырға.
Бəрін несін айтайын,
Таусылмайды ертегім.
Мен солардың, ағайын
Бірін ғана шертемін.
II
Отыз екінші – жыл қырсық,
Ел қазаққа батқан жұт.
Жолдың бойы ыңырсып
Құлап-сұлап жатқан жұрт.
Сарысудан көк суға
Көтеріле ауған ел,
Баяғыда шөп шыға
Мал емшегін сауған жер.
Енді мал да, жан да жоқ, –
Ағайын да, туыс та.
«Талма, өзегім, талма» деп,
Қуырып жеп құмырсқа.
Қоңыз терген, шөп қаузап,
Босқан жайы белгілі,
Омыраудан жас саулап
Еске түсіп шер күні.
Шешем байғұс шертетін
Сол бір жылдар апатын,
Өзегіңді өртейтін
Хикаялар айтатын.
– Бір күндері, – дейді анам,
Əлі келмей сөйлеуге.
– Еш қауһар да қалмаған
Сүйегімізді сүйреуге.
Сонда əкеңнің айтқаны:
– Қажытты ғой жол бізді,
Қажатпашы арқаңды,
Таста мынау қобызды!
Өкпелемес əулие,
Қарғысына шалдырмас,
Қараң қалғыр дүние
Кімді жолда қалдырмас.
Сексеуілдің ішіне,
Құм астына көмейік,
Бір алланың ісіне
Шара бар ма, не дейік!
Сонда шешем күңіренген:
– Бұл сөзіңе көнбеймін,
Мен əкемді бір көмгем,
Екінші рет көмбеймін.
Онан дағы таста де,
Мынау сəби балаңды.
Енді амал басқа не,
Мал да, жан да таланды.
Аман болсақ, мал бітер,
Бала бітер бойыма,
Бола бермес мəңгі шер,
Балам жоқ деп мойыма.
Бірақ... бірақ қазақтан
Енді Ықылас тумайды.
Бұл қобызды жоғалтсаң,
Жеті жұртың шулайды.
Не дер ұрпақ ендігі,
Не дер бізге келер күн?
Өлсем дағы мен мұны,
Құшақтап жатып өлермін!
Дегенім əлі есімде,
Көп қой мұңым, қапам да
Құмға батып бесігі
Бала қалған жапанда.
Бəрі қалды не керек,
Тірі қалдық аман-сау,
Сол қалуға бір себеп
Қобыз шығар осынау.
ІІІ
– Мен осылай шығарда
Қолға қобыз өңгеріп,
Халы келмей жылауға,
Тек ішінен күңіреніп.
Қалды байғұс сол анам,
Қалмасына жоқ шыдам.
Кейін тағы оралам,
Кейін əкеп тапсырам.
Мұражайдың төрінен
Орын алар бұл қобыз.
Атам аты берілген
Бұл да үйім ғой бір егіз.
Көз қандырып қалыңдар,
Көру үшін əкелдім.
Анам айтқан сөзі дəл:
«Көзі еді деп əкемнің».
Ол да мауқын бір бассын,
Апарайын қайтадан.
Сөзімді екі қылмаспын
Сертке басым шайқаман.
Деді Дəулет – ойлы ағаң,
Біз отырмыз қия алмай,
Бір тылсым күш байлаған,
Еркімізді жия алмай...





Пікір жазу