Ықылас
Жатқанда жер құпиясы құлпын ашпай,
Хақ тəңірі пендесімен сыр сырласпай,
Тылсымын көк пен жердің шешу үшін
Дүниеге келді біреуі Ықыластай.
Құдайдың ықыласын кетті аударып,
Аңырап шыққан бір үн көкті жарып,
Азынап жердің мұңы, күңіренісі,
Алланың құлағына жетті барып.
Жер-ана Ықылас деп қойған атын,
Жайғанда бар ұлысқа күй қанатын,
Оятты ол он ғасырды аттап түсіп,
Баяғы Қорқыт-ата аманатын.
Шанағын шаңнан сілкіп көн қобыздың
Қаптаған терісімен көк өгіздің,
Оятты ол дабылдарын, дауыстарын
Баяғы Қыдыр қыпшақ, көне Оғыздың.
Баяғы баба түрік саздарынан
Сыр тартып, самаладай маздады жан,
Оянды сар даланың батырлары
Жеңімпаз жалауына жазған ұран.
Түріктің шаңырағын ұстап қалған
Бар ма екен қазақта арман, қыпшақта арман?
Бар ма екен, о, дүние, Ықыласта арман
Қобызын Қорқыт-ата құшақтаған!
Сол үшін Ықыласқа табынам мен,
Күй санап, сөз көбейтіп не ғылам мен?
Тірілтер ата-баба, ел мұрасын
Тағы бір сондай ерді сағынам мен!