11.07.2022
  91


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТІРШІЛІК СƏТТЕРІНЕН

Жан құмар енді тыныс, дем алысқа,
Қан түсті қисық тамыр, кері ағысқа.
Сонда да ескі серік – өлең байғұс,
Əлі сен шақырасың мені алысқа.
Келмейді көп қағуға кəрі қанат,
Тұрғанмен ұмтылуға əлі жарап.
Ұзаққа шыдамайды бергі жылу,
Мезгілдің ар жағында қары борап.
Басылған дүние шуы кетіп алыс,
Қалған бір көп тасқыннан жетім ағыс,
Ағады бос кеудеде жайбарақат,
Оның да бар болғаны бір қуаныш.
Осылай көз буалдыр, көңіл бұлдыр,
Алыстан күмбірлеген күміс сыңғыр.
Тек қана салады еске бір кездегі
Шабытты шағыңды əсем көмей-бұлбұл.
Сөйтсе де, шақырасың тағы алысқа,
Дейсің де қайран елең: «қалам ұста!»
Ой, дос-ай! Сені тыңдар заман бар ма?
Мұз болған жұрт жүрегі мына тұста.
Жазбасам өзім үшін етіп ермек,
Іздесе жаралы жан дəрі-дəрмек,
Əшейін сүйемелдің амалындай,
Қайткенде тұра тұру реті келмек.
Əйтпесе, өлең шіркін кімге қымбат, –
Онсыз да қымбатшылық күнде шарлап,
Тұрғанда ми шатасып, құлақ шыңылдап,
Бүгінің түсініксіз, ертең – жұмбақ.





Пікір жазу