ЖАНАЙДАР МУСИНДІ ЕСКЕ АЛУ
Көкшетау, көкшіл сағым бұлдыраған,
Кім берер сендегі өткен күнді маған,
Сен менің жастық шағым секілдісің,
Ақбоз ат, жүрген, ерсіз құлдилаған.
Ал бүгін сол сағымның арасынан
Іздеймін бір жігітті, аласұрам.
Таппаймын, таппауыма сенбеймін де,
Айқайлап, жөн сұраймын əр асудан.
«Жанайдар! Жанайдар!» – лап жан даусым,
Жаңғыртып тұрады ұзақ əр тау ішін.
Япыр-ау, қайран сабаз, қайда кеттің?
Мен түгіл, жел жоқтайды, тартады ішін.
Бір сұмдық, естігенім, шын болар ма?
Жүргендей ұя таппай күн қонарға,
Көзіме елестейді өмір-шатқал,
Тар жолда құлаған ат, сынған арба...
О, дүние, олай болса, сен де сатқын,
Мұңымды енді боздап кімге шақтым?
Тірейтін аттың басын тұғырым жоқ,
Ал босқа азын-ауық желге шаптым.
...Алдымнан шығушы еді-ау «ағатайлап»,
Көкшені бір сілкінтіп, алақайлап,
Бұл тірлік кетуші еді жəрмеңке боп, –
Ал, Ал! – деп бар жиһазын маған сыйлап.
«Балапан сор», «Кіші шабақ», «Үлкен шабақ»,
«Бүркітті» ар жағында түкті балақ,
«Шортанды», «Майбалық» пен «Айна көлің»
Жататын үйрек, қазы су сабалап.
«Қотыр көл», қайран жөкей – ақ қайраңым,
Арқалап ну қарағай – ат байларым,
Арудай құшақтасқан, би билескен,
Ақ қайың, көлеңкелі көк сайларым.
«Кеңащы», «Біржан төбе», «Жеке қара», –
Қыдырған Жанай-жанмен екеу-ара,
Дүниенің шолақтығын, қатыбасын
Сөйлестік соңғы жолы неге ғана?
– Қайтайын бір апарып Сырымбетке,
Па, шіркін, Сырымбеттей сұлу көп пе? –
Деп еді-ау, жете алмады ол сертіне,
Сұм тағдыр, мінезің бар қырын кетпе!
Жалынын көп шығарар өшпек өмір,
Қадірі қалу үшін есте не бір,
Ер еді үзілетін тепсе темір,
Кең еді Арқа-кеуде, Көкше-көңіл!
Жанындай сүюші еді өз өлкесін,
Дос еткен ер серісін, қыз еркесін.
Атан нар айдалада аңырайды,
Жоғалтып қапияда қос өркешін.
Мұңымды тоқтатайын əрі ұзатпай,
Шілдеде азынаған аңызақтай,
Өмірдің осынысы обал-ақ тым
Өткізер жақсыларды мəңгі жоқтай.
...Тау Көкше, сағынышым саған деген
Осылай кетер ұзап самалменен.
Сағынбай мен қайтейін азаматты, –
Тау көркі, жердің көркі адамменен.