Хан Абылай, қадіріңді ерте біліп...
Хан Абылай, қадіріңді ерте біліп, –
Жыр жаздым, өзегімді өртендіріп.
Ол өлең «Абылайдың ақ үйі» еді,
Сол үшін ала жаздадым желкем қиып.
Отыз жыл өтіп кетті одан бері,
От еді ол кездегі заман лебі.
Ақын да отқа түсер көбелек қой,
Барған жоқ ешкім айдап соған мені.
«Бір сұрақ – əлі күнге мен аңғарман,
Сұрап келем ақылды адамдардан,
Өзге жұрттың хандары жақсы болып,
Біздің хандар қалайша жаман болған?»
Дедім мен, жəй бір сұрақ секілді еді,
Бір əкім ал, тілдеді, селкілдеді.
«Қайдағы бұйырмаған бұзық сұрақ
Қоятын сен кім? – деді, мен кім? – деді.
Сұрақты мен қоям! – деп əкіреңдеді:
– Немене, Абылай сенің əкең бе еді?
Кет, əйдə, Абылайыңмен қоса жоғал!
Əкеңді танытамын ертең! – деді.
Əкемді танытты ма, танытпады ма?
Оны айтып мен қайтейін уақытта мына.
Өйткені бұл күнде де аз емес қой
Жүргендер бақыт қамында, тақыт қамында.
Сондайдың бірі кеше ұлы асыңда,
Алаңда, қыруар жұрт қыр басында,
Сөйледі туған балаң секілденіп,
Төредей көптен жүрген хан қасында.
Қарадың оқты көзбен суретіңде,
Жарқылдап айбын ойнап бұл бетіңде,
Содан соң қарт Көкшедей қалдық қатып,
Жатпай-ақ сөз шығындап «кіл жетімге».
Жəй қиял. Болғаным жоқ ол асыңда,
Жақсының қызғанатын моласын да,
Əдеттің əлегіне бар ма шара,
– Қырсық қой сен де алысқан
о басында.