«Үңгірі Кенесары» – көпке мəлім...
«Үңгірі Кенесары» – көпке мəлім,
Бұл жерде дем алуға шөккен нарың.
Перзенті қасірет пен өкініштің
Аузынан «Аһ!» дегендей, төккен жалын.
Еркесі елден дара бір құдайдың,
Өзінен айнымаған Абылайдың.
Көзінің шарасына дала сыйған,
Қараса сəулесімен жарық айдың.
Шағылып күн нұрына дулығасы,
Теңселіп төбесінде тудың басы.
Жөнелмек таң алдында жөңкіп əскер,
Қазақтың қайта оянса бұл ағасы.
Төменде қаңтарулы кіл күрең ат,
Таң асып, ерін алмай тұрған жарап.
Мызғиды аяқ үсті өңшең бəрі,
Күзеткен хан ұйқысын қадағалап...
...Осында келген сайын осынау сурет
Кетпейді көз алдымнан жалғыз рет.
Үңгірдің түкпірінде бір жолбарыс
Жатқандай жұлдыздарға басын тіреп.
Ауыр қол оятуға дəті бармай,
Ал кəзір аруақ ұран шақырғандай,
Шақырса, үңгірдегі сол жолбарыс
Болады енді бір сəт атылғандай...