«Танадай құлаққа ұрған» тыныш маңай...
«Танадай құлаққа ұрған» тыныш маңай,
Естисің алғаныңды тыныс қалай.
Табиғат біздей емес, көне шебер
Бір ісін тастамаған дұрыстамай.
Бəрі – заң, тап-тұйнақтай бəрі орнында.
Жарасым, үйлесімі, сəні орнында.
Алаң тұр ат шаптырым айналасы,
Өзі жоқ, Абылайдың тағы орнында.
Босаған кеше ғана қанды ұрыстан,
Шаршаған, қос өкпесі шаңды құшқан,
Жайып сап шеңгелдерін жасыл шөпке,
Жатқандай бейбіт ұйықтап хан-арыстан.
Айналып мың-мың тұлпар қарағайға,
Батқандай басын шұлғып қалың ойға.
Қалыпты Жеке батыр қатып ұйықтап,
Мас болып жеңіп алған абыройға.
Қос жартас Ер Қабанбай,
қарт Бөгенбай
Жауының жағасынан шап бере алмай,
Түстерін түсінде де қарш-қарш қайрап
Түстері əлдекімді мерт қылардай.
Оқшау шың – Шақшақұлы Жəнібек-Тархан,
Дос түгіл, жауы сыяр жаны
бек дарқан.
Шет қалып, кешегі тойлар
у-шуынан
Оңаша ойға батқан – менің атам.
Бірі еді халық қалаған
төрт тіректің.
Өзі еді сонау білмес өрт жүректің.
Бүгін де керегіңді есіңе алмай,
Дүниеден қайран ерлер өттің-кеттің.
... «Танадай құлаққа ұрған» – маңай
жым-жырт,
Ағады мəңгі керуен
уақыт жылжып.
Жатқандай бір айдаһар көлден шығып,
Бəрін де өңешіне тартып, қылғып.
Əрине, ұрпақ қалар, тұрмыс қалар,
Аз емес алдымызда мың нұсқа бар.
Амал не, ала алмаса содан үлгі,
Таулардың түбіндегі құмырсқалар?!