Ал, көктем, сөйлеп болды ақын жаны...
Ал, көктем, сөйлеп болды ақын жаны,
Осы өлең сені айқайлап шақырғаны.
Сонау бір жолдың шеті жақындады,
Болатын жан-жағының тақыр бəрі.
Таусылып бара жатыр көз көргендер.
Кешегі таусылмасқа сөз бергендер.
Солайша өмір заңы – тірлік заңы,
Ол заңда жоқ қой əлі өзгергендер.
Мезгілдің төртеуі де сен болғанда,
Көбірек жасар ма едік бұл жалғанда,
Арман ғой ол əшейін пендешілік,
Қашанда көп нəрседе құн болған ба?
Жарайды, келдің, кəне, жайнаң қақшы,
Бойдағы мұздап қалған қанды ойнатшы!
Келдің сен, шақырғанға тілімді алып,
Ақынды сыйлағаның қандай жақсы!
Көк шыбық исің қандай, денең қандай!
Иіскеп өкпе байғұс дем алғандай.
Қажыған қайран жүрек қайта соғып,
Қарайған қайран көңіл ағарғандай.
Сандалып, сая таппай саясаттан,
Жоқшылық, қымбатшылық, сор апаттан,
Бір сəтке паналауға аш қойныңды,
Зарығып, қорғаушымдай жаңа тапқан.
Такаббар патша мінез, кінəз кеуде
Көнбейді қуанышты күн «аз» деуге,
Баяғы ақбоз атты бермесең де,
Апарып таста ақынды біраз жерге!