11.07.2022
  74


Автор: Ғафу Қайырбеков

Ия, сен кездеспедің бұл көктемде...

Ия, сен кездеспедің бұл көктемде...
Мол кеттің осы жолы бір кеткенде,
Баяғы қимас көңіл əдеттен бе,
Ойлаушы ем мəңгі қаста жүр деп, мен де.
...Астында отырушы ек жапырақтың,
Тұратын төбемізден шашырап күн.
Жамылып алтын-күміс сəулелерді,
Қараушы ек ар жағына атыраптың.
Сол жақтан қызық күндер, сəтті күндер,
Дегендей: «Бақытым көр, шаттығым көр».
Қол былғап шақыратын екеумізді:
– Ал, Ғафу, бір əдемі əн айтып жібер.
Сол əнмен көкжиекке аттанайық!
Жыр жазып, ақын деген атқа ылайық.
Іс істеп адам деген атқа ылайық,
Илаһим, тіл мен көзден сақ болайық!
Деуші едің, көп айтпаушы ең сөзді маған,
Көп сөзді айтпайды ғой өзіне адам!
Өзіңдей көруші едің ғажабы сол,
Мендей-ақ сақтап жүрген көзіңді аман.
Сол сезім өзге түгіл маған жұмбақ,
Жүргелі туыс сүйіп, аңға құндап,
Ондай мен хикмəтті көргенім жоқ,
Дүниеде, сірə, көрмей қаларым хақ.
Ия, сондай менде де бір сыр бар еді,
Көктем ғой сондағыдай бұл да əдемі.
Ол сырым – тағы да бір қатарласып,
Жазатын көктем жайлы жырлар еді.
Жан едің жалпақ елге атың ыстық,
Кетуге жасадың-ау асығыстық.
Біздегі жыр-туыстық, жан-туыстық,
Кімде жоқ жəй ағайын, жəй туыстық...





Пікір жазу