11.07.2022
  100


Автор: Ғафу Қайырбеков

Көктем, сенің бар-ау бір кереметің...

Көктем, сенің бар-ау бір кереметің,
Адамды ұмытшақ қып жіберетін.
Өйткені сендегінің бəрі жаңа,
Көктегі жаңартады күн де көркін.
Бəрін де көргендейсің бірінші рет,
Бəрі де саған қарар күлімсіреп.
Тек кана қуаныштың сөзін айтар –
Алдыңнан ашылады ұлы сурет.
Тəңірінің өзі келіп көрме ашқандай,
Таласып адам көзі жармасқандай.
Əр тұстың, əр бояудың сиқырынан
Ақылың əлденеге адасқандай.
Баладай ішің тартып мəз боласың,
Ұмытып алдына əкеп қойған асын.
Ол сəби, қуыршақпен ойнамай ма?
Сол кезде есейіп қап, ойланасың.
О, дүние, қуыршақ дүние, сені қимай,
Өтесің өмір бойы жинай-жинай,
Əкетер өзіңді де бірге жинап,
Жаңағы көрме жайған шебер құдай!





Пікір жазу