11.07.2022
  82


Автор: Ғафу Қайырбеков

Нан жоқ болса – табылар...

Нан жоқ болса – табылар,
Ар жоқ болса – Аштық сол.
Көбейіп сансыз жабылар,
Едəуір бізді басты сор.
Ата-баба көрмеген
Қорлықты кештік кіл қорқақ.
Үрейден үрей өрлеген
Күн – ылайсаң, түн – бұрқақ.
«Қорқа алман» деген батылдың,
Артына арыз жапсырып,
Басына салдық пақыр күн.
Жендетке жанын тапсырып.
Талантты туған талайды,
Ұзаттық қолдан байлатып,
Жұмсадық ерді малай ғып,
Төбеден таяқ ойнатып.
«Жақсы еді ғой, байғұс!» – деп»,
Жантайып жатып еске алдық.
Қуаныштан қайғы істеп,
Жасап едік қастандық.
Əлі де «жақсы» кемдікте
Қортықтар қорлы, дəулетті.
Өзіміз бағзы елдікке
Орнатқан қолдан нəубетті.
Əлі де жүрміз мақұрым
Білімнен, мəдениеттен,
Жамандық болса – шақырдық,
Алыстан адал ниеттен.
Рақымсыз, қарау, аш көздік,
Қайырымсыз бауыр, қарындас,
Есекті қойдық бас, көз ғып,
Өрескел мұндай табылмас!
Опасыз, сатқын кіл сымпыс,
Кешегі достық, бүгін жау,
Жаңылса жағың – жалт бұрыс,
Тұрақсыз дүние – зырылдау





Пікір жазу