11.07.2022
  95


Автор: Ғафу Қайырбеков

Сондағы мақсат не дейсің

Сондағы мақсат не дейсің
Намысы – найза, күші – кек,
Өмірге келіп енгесін,
Ұяттан өлмеу үшін ед!
Туған соң болып ер-кіндік,
«Еңку де еңку жер шалған»,
Еліне тілеп еркіндік,
«Ерулі атқа ер салған».
Соларды іздеп сандалдым,
Тарихтың тінтіп қоймасын.
«Елім» деген жандардың
Естімей даусын қойғасын.
«Шын жыласа, – деген бар, –
Соқыр көзден жас шығар».
Бүгін болмаса, табылар
Ертеңнен жақсы басшылар.
Кəсібі жаман пысықтың –
«Жүзік көзінен жүз өту»
Орыннан тұрар ұшып кім,
Арманы – елді түзету?!
Өтінер туған халқынан
Артына мойын бұрғанда,
Баяғы дəстүр-салтынан
Алыстап кетпей тұрғанда.
«Еңсеңді көтер, Елім!» – деп,
Оятып намыс, ойда күш,
Сондайда бастар Ер керек,
Толғағы жеткен қозғалыс.
Ақтара салып толқынын,
Аймалап ата-мекенін,
«Халықпен ойнау, жарқыным,
Қауіпті жұмыс екенін»,
Танытар досқа-жатқа да
Сондай да сондай жігіттер,
Дəл осы мынау шақта да,
Жоғалмас біздің үміттер.:





Пікір жазу