11.07.2022
  130


Автор: Ғафу Қайырбеков

Ақын

Ой тағдырын түк түсінбей
Мінезіңнен бүгінгі
Төрт аяғын тік түсірмей,
Арғымағым сүрінді.
Жолың тайғақ, таға кетік,
Алдымда жар тұрғандай,
Баяғыдан баға кетіп,
Кəзіргідей құн қалмай,
Өтіп кеткен өмірімді,
Өксіп, аңсап, күрсінем,
«Етіп тəрік сол күніңді,
Жаманда!» – деп, тұрсың сен.
Жоқ, уақыт сенде тұғыр,
Селмен көшкен селдейсің.
Сен бəрібір екі ғұмыр
Маған қайтып бермейсің.
Жақсы ма еді, жаман ба еді,
Ол күнім мен ол айым?
Етпей-ақ қой алаң мені,
Сонда-ақ қалып қояйын.
Ғайбаттау үшін өткенді
Бүгінің артық болса еді.
Өткеннен қалған көп белгі –
Өміріңнің өлшемі.
Идея бар, мақсат бар,
Жетемін деген талап бар,
Жабыдан озған жақсы ат бар,
Қағайын десең қанат бар.
Ол күндерді несіне
Жазғырасың, жарқыным!
Бүгіннің бəрі – несие,
Өтейтін жоқ алтыным..





Пікір жазу