11.07.2022
  90


Автор: Ғафу Қайырбеков

«Жоқпын» деп өлең болса, айтпас ақын...

«Жоқпын» деп өлең болса, айтпас ақын,
Өзгедей бақыт жолын бақпас ақын.
Бақыты өлеңі боп қоса туған,
Зардабын жалғыздықтың тартпас ақын.
Тамаша айтып кеткен оны Мағжан,
Ұмытпас ақыл, есі, ойы бар жан.
Сөз еді ол өзге емес, өзіне айтқан,
Бағасын дүниенің көріп арзан.
Сондықтан жұбатқан ол мұңды жанын
Жырымен тарқатқанда шын құмарын.
Сыймады жер бетіне көк перзенті,
Баянсыз көп кызықтың қиды бəрін
Болжады даласында аз қонысты,
Қаңқылдап аспанында қаз боп ұшты, –
Кетті ол сол ұшқаннан қайтып қонбай,
Ақымақтар өлтірдік, – деп мəз болысты...





Пікір жазу