НОҒАЙМЫСЫҢ
Есімде Балқар тауларын
Бөктерлеп, одан көкке өрлеп,
Чегемнің миуа бауларын
Шілдеде сая көкпеңбек,
Кезгенмін сері Қайсынмен.
Ғажайып бақыт күн кешіп,
Күн аймалап, Ай сүйген
Эльбруспен тілдесіп.
Кездесіп еді сонда бір
Ақсары сұлу келіншек,
Оралмас енді ол дəуір
Қайтадан жігіт көрінсек.
Орысша оқып жырымды,
Орысша айтты өлеңді,
Бір кезде əлгі сұлуым
Қазақша сөйлеп жөнелді.
– Қарындаспын ғой, Сізге мен
Сағыныш əнін сақтаған,
Ғасырлар бойы іздеген,
Ғасырлар бойы таппаған. –
Деді де, қошқыл көзінен
Мұңды бір сəуле төгілді.
Кəдімгі қазақ сөзінен
Айырмасы жоқ көрінді.
– Балқар ма, əлде қарашай –
Деп тұрсыз-ау мені Сіз, –
Деді тағы. Сөз қоспай
Қалды сосын сол үнсіз...
Тұрдым ұзақ таңырқап, –
Жолығып сол сарқызбен,
Қай бұл тұқым, қай ұрпақ
Айнымайтын дəл бізден??
Сол сұрақты жүзімнен
Оқығандай тез-ақ тым:
– Ноғай жұрты қызымын
Егізімін қазақтың.
Бар деп сондай халықты
Есітпеген боларсыз.
Бізге ондай тарихты
Оқытпаған. Оған Сіз,
Мен емеспін айыпты.
– Ноғаймысың? – дедім мен,
Еркін басып төсіме,
Сонау арғы, бергіден
Нелер түсіп есіме.
Ел қамқоры Едіге,
Орақ, Мамай, Телағыс,
Орда тіккен Еділге
Ноғай деген ел-арыс.
Асан Қайғы, Шалкиіз
Өлең-жырда мұнара,
Қос дулыға, қос мүйіз
Нəріктің ұлы ер Шора...
Тағы... Тағы... Талайлар
Елестеді көзіме.
Қайран туыс ноғайлар
Он сан болған бір кезде.
Əр санында жүз мың ба,
Одан көп пе кім білген?
Біткен дəм мен тұзы ма –
Бөлінген де, бүлінген.
Бүлінудің қырсығын
Артық білген осылар.
Қашан ғана бұл шығын
Өтелер де, қосылар?
Дедім, іштей бір өксіп,
Сөзімді оған тыңдатпай,
Əлде ұялып, жүрексіп
Тұрды байғұс үн қатпай.
Тұрды көкте қарап түн
Тағдырдың қос құрбанын,
Ноғай менен қазақтың
Құшақтасып тұрғанын.