11.07.2022
  185


Автор: Ғафу Қайырбеков

Келді көктем қыс бойына кір басқан...

Келді көктем
қыс бойына кір басқан,
Кейде қара, кейде сұйық, сұр аспан.
Енді міне көк нөсермен тазарып
Дүниеге жас сəбидей
көз ашқан.
Ақша бұлттар, найзағайлар
анталап,
Анасына сағынышын арқалап,
Келіп жатқан перзенттері секілді
О, тəңірі, о, мəңгілік
махаббат!
Кеткен аспан жайдағыдан биіктеп,
Даланың да көркі неткен сүйікті ед!
Гүлдер-қыздар жұпар шашып
тұрғандай
Мына тойға бар асылын
киіп кеп.
Сонда сонау көк жүзіне қарадым,
Жалғыз ноқат – боз торғайы
даланың
Бір орында мық шегедей қадалып,
Төкті дейсің көмейдегі
бар əнін.
Күннің нұры, қыстың жыры
қосылып,
Сорғалады төмен қарай
жосылып,
Дүр сілкінді жердегі бар тіршілік
Əн-баспалдақ көк жүзіне
жол шығып.
Сол жолменен жоғарыға
ұмтылып,
Ауа мөлдір, əн де мөлдір
тұп-тұнық,
Тыңдады-ау бір бозторғайын өзінің
Сол бір сəтте жатқан дала
тік тұрып,
Бақытты ғой көктегі құс ол да
аса
Сол биігі, сол мекені
қолдаса, –
Далаңның құр далиғаны не керек
Боз торғайы, өз торғайы болмаса!





Пікір жазу