11.07.2022
111
Көшеде бір ит көрдім...
Көшеде бір ит көрдім,
Жер бауырлап жылжыған.
Кешегі сау біткен күн
Ауызында үзім нан.
Қос жамбасын байғұстың
Жанып кеткен əлде не, –
Салады кеп бар күшін
Жарты ғана сау дене.
Алдыңғы екі аяқ пен
Баста қалған тіршілік,
Көргенімде аяп мен,
Кетті денем түршігіп.
Тапа-тал түс жарық күн,
Қарап болмас көз əсте,
«Ит жанды» деген халықтың
Түсті сонда сөзі еске.
Əрең жетіп тасаға
Жатты байғұс нанын жеп,
«Өмір деген осы ма
Біз қимайтын қадірлеп?»
Деп мен ұзақ ойладым.
Қапы жерде қамығып.
Қайуан екеш қайуанның
Кеудесінде бар үміт.
Кетем деген жақсарып,
Жақсылыққа жолығып,
Жүрген кеуде, басты алып
Шығар, бəлкім, сол үміт.
Нəрсе ме осы ойланбас,
Анау үміт титтей-ақ,
Өтесің-ау, қайран бас,
Адам түгіл итті аяп...