meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  11.07.2022
  187


Автор: Ғафу Қайырбеков

НЕДЕН ҚОРҚАМ?..

Қорқамын, осы кəзір неге мен? – деп,
Болған соң өзім дербес, егемен, – деп,
Сұраймын өз-өзімнен, қуаттанам,
Сонда да тұрғандаймын тағы елеңдеп.
Жібердік «шекті» бұзып, «араны» ашып,
Түбінде қаламыз ба қара басып,
«Қыз алып», қыз берісіп» дегендейін
Барады қара шүршіт араласып.
«Қар жаумай, қазан ұрмай» деген нақыл
Тал түсте біз қаламыз неге қапыл?
Үйіндей əкесінің «əлəулəйлап»,
Тайраңдап тар көшеңде келе жатыр.
Осыған жанығады жаным күнде,
Қорқамын жетпейтіндей əлім мүлде,
Бір кезде миллиард пұт астық алсақ,
Сен бүгін миллиард қытай алып жүрме!
Қалғанбыз екі ғасыр жер қорғаудан, –
Жер сату – болса бүгін білген саудаң,
Жүрмейік Ахаң айтқан баяғыда
«Бір өртке кезігіп капшыққан қаудан».
Қорқамын айыптама мені, ағайын,
Демеймін «уайымды жеп алайын»,
Сонда да күні бұрын діріл қағып,
Қорқамын, қорқатын тек
мен болайын!





Пікір жазу