ЫСТЫҚСЫҢ СЕН...
Ыстықсың Сен бір түрлі
Жаста салған əуендей,
Сиқырлы да сүйкімді
Өтіп кеткен дəурендей.
Сүйек-буын сыз тартып,
Тамырда қан салқындап,
«Шонданайға тұз артып»,
Ат айдаушы алқымдап,
Асықтырып барады,
Əлдеқайда? «жүр-жүрлеп».
Сонда саған қараймын,
Сəл аялдап тұрғым кеп.
Сонда бойды жылытып
Соңғы ыстық буыңмен,
Жамандықты ұмытып,
Жақсылықтың нұрымен.
Сүйейсің сен, өзің де
Əрең-өрең тұрғанмен,
Əлі қалған көзіңде
Маған деген бір дəрмен,
Маған деген бір сəулең, –
Сол қадірің сүйкімді.
О, тіршілік, бал дəурен,
Ыстықсың-ау біртүрлі!
Неткен ғажап жомарттық
Бірде жарың, бірде анаң.
Əлі саған қол артып
Жүргеніме қуанам.
Сол қуаныш – бар мəзір,
Барлық куə, бар кепіл,
Қайда барсам, бірге жүр.
Қайда отырсам, бірге отыр.
Ыстықсың Сен өйткені, –
Жылытқан суық бетімді.
Болашағым, өткенім
Сенде тұрған секілді
Ыстықсың-ау біртүрлі...