СЫЙЛАСТЫҚҚА НЕ ЖЕТСІН
Осы сөзді айтудан
Бара жатыр мəн қалмай,
Ұрттап алып жай судан,
Ауызыңды шайқағандай.
Сыйластыққа не жетсін –
Оған айтар нендей дау,
Құр ішіңнен сезесің,
Əттең, қолдан келмейді-ау!
Бəтуəсіз, дуасыз,
Берекесіз кеткен күн,
Қай жүйрікпен қуасыз –
Қуғанменен жеткен кім?
Бірін-бірі қинасу,
Бірін-бірі тоздыру, –
Бет жыртысу, күнде ашу,
Өсек, ғайбат сөз қылу.
Күншілдігі кісінің
Пайда болған туа сап.
Тарлығынан ішінің
Айналмайды шынашақ.
Қайда сосын сыйласу –
Қала берген ол арман.
Дүние боқты жинасу –
Берерменсіз аларман.
Абай айтқан сөз асыл –
Сол баяғы халықпыз,
Өтсе дағы бір ғасыр
Өзгермей-ақ қалыппыз.
Қашан қалар бұл қосып,
Кезі бар ма тоқтаған?
Кіре беріп сыйласып,
Шыға беріп боқтаған.
Дүние, шіркін, кезексің,
Бірде шөл, бірде бай теңіз.
«Сыйластықка не жетсін!»
Тағы айтамыз. Қайтеміз?