11.07.2022
  89


Автор: Ғафу Қайырбеков

АР ДЕГЕНІҢ ҚАНМЕНЕН ЕГІЗ ТУҒАН...

Мен жан емен əзелден айқайым көп,
Ашуланам өзімді шайқайын деп.
Қар суындай көктемде қаптағанмен
Түсерім көп сабама, қайтарым көп.
Мен келіппін дүниеге, бұл жарыққа
Жер бетімен жүгіріп қайтайын деп.
Тастамаймын қолымнан қаламымды,
Тағы бір сөз жұртыма айтайын деп.
Үміт деген босатпай жібек арқан,
Жаңа таңның нұрына иек артам.
ІІ
Сол үмітпен жүргенде көгенделіп,
Бір жағынан жəрдемге өлең келіп,
Қайта алып ұшады мені аспанға,
Үйірілгенде кейде бір төбемде бұлт.
Кеткен кезде кейде бір жан құлазып,
Жалғыздыққа шыдамай, кеудем кеміп,
Кеше менің соңымнан шұбырған жұрт
Бүгін қалып қойғанда ере беріп.
Əлгі екеуі айтады ақыл маған:
«Төмендемеу керек» – ақын адам.
III
Болдық бүгін жазушы кітабы жоқ,
Құмарпаздай қолы бар ұтары жоқ.
Көздеуі бар мергендей атары жоқ,
Байтеректей сидиған бұтағы жоқ.
Бəрінен де сұмдығы: іштен жылап,
Өксіп өткен адамдай ұрпағы жоқ.
Кілең «жоққа» мылқаудай тіл де шолақ,
Не беретін жауабы, сылтауы жоқ.
Шүкір айтып құдайдың əр таңына,
Жабысамыз тірліктің арқанына.
IV
Егер осы күншілдік, көре алмастық,
Қолға ілігер зат болса – жанталасып,
Тауып алып, быт-шытын шығарар ем,
Аяқ асты қылау ем таптап, басып.
Адамдыққа жасаған обалы үшін,
Бірге жүріп, су ішіп, от оттасып.
Бірге күліп сауықта, сайраңдасып,
Бірге барып жұмыса қолтықтасып.
Жиналыста мақтаса біреу сені
Шыға келер бұлтиып соқыр шегі.
V
Егемендік, Еркіндік, Дербестікпен
Екі-үш жылдай күнелттік өлместікпен.
Ол бұрынғы барлықтың екпіні еді,
«Жоқ» дегенге шығатын сенбестікпен.
«Бар» болса да, «жоқ» дейтін əдет таптық,
Əуес болдық бедеудей берместікпен.
Табиғаттан ежелгі біз айрылдық
Жомарттықты жұқтырған тал бесіктен.
Осы күнде ешкімге болмас мақұл:
«Өле жегенше, бөле же» деген нақыл.
VI
Бұл қазақта ұғымы бар «заржақ» деген,
Бүгін барлық ақындар зарлап өлең
Жазып кетті, қарғайды əлде кімді,
Болмай қойды ашуда «алды-арт» деген.
Өлең – деген сезім ғой, жан күйі ғой,
Бəлкім, ол да дұрыс па – ойлай берем.
Кіл жылауық, өлеңнен өнер шықпас,
Қанша сыйлап, ықылас қойғанменен.
VII
«Қайран біздің даламыз – Қазақстан
Таза алтыннан жаралған, таза мыстан».
Деп мақтанып келеміз баяғыдан,
Сол үшін де жоқ едік аз алысқан.
Ішкі, сыртқы жауменен қанша ғасыр,
Қаншама рет даланың тозаңы ұшқан.
Біз көрмеген алтынды жат таниды,
Антұрғанның көргіш-ақ көзі алыстан.
Қаптап жатыр: «қəзір-ақ меңгерем» деп,
«Бермегенді құдайың – мен берем» деп.
VIII
Оңай нəрсе, əрине, сырттан сынау,
Осы сынау – біздерді құртқан сынау.
Іс істемей, сөз істеп үйренгенбіз,
Есігіңнің өзіңе тұтқасы жау –
Не ашуға келтірмес, не жабуға,
Қалған амал – көмекті жұрттан сұрау.
Сұрау түбі – болады қайыршылық, –
Сен де соны, о, досым, ұққансың-ау.
Түбі, түбі, болады бір жақсылық,
Біз қояйық сол үшін қол тапсырып.
IX
Қосамыз деп біз əуре қазақ басын,
Қоса алмасақ: Еркіндік, азатқа сын.
Көңіл айтпай, сол сөзді ауыз айтып,
Ешқашанда ішіңді тазартпасын.
Білген болып бəтуə бастайсың да,
Тастайсың да кетесің тез-ақ сосын.
«Тірлік түбі – бірлік» деп күнде айтқанмен,
Ол іс емес, əшейін, сөз-ақ, досым...
Сен солардың бастарын қоссаң бағың,
Екі, үшеуден əуелі болса-дағы.
Х
Көп жақсылық жасадым көрінгенге,
Маған сондай мамандық берілген бе?
Қамықпадым сұраса, ала алмаудан,
Жалықпадым сұраса, беруден де.
Көп жаманды қойнымда паналаттым
Алыстан да, жақыннан, елімнен де.
Арым таза, əйтеуір аулақ болдым,
Үш қазақты үш жаққа бөлуден де.
Бəлкім, содан болды ма несібем көп
Айдаладағы енеді есіктен кеп.
XI
Қасиет деген сатар зат болса егер,
Соны да қағып кетер бір саудагер.
Құдай сақтап адамдық, ар дегенді,
Зат қылмаған пенденің көзі көрер,
«Арын сатты ақшаға» деген жай сөз,
Əуелде ары болмаса, несін берер?
Ар дегенің қанменен егіз туған,
Қасиетсіз қанда ар болмас өсіп-өнер.
Саған айтар мына бір өсиет, досым,
Қаражатың болмасын – қасиет болсын.
XII
Бала-шаға би болған шаңыраққа,
Əке көзі жоғалмай тұрған шақта.
«Бет-бетіне түйе айдап» бəтшағарлар,
Бір-бірінің үстінен барған сотқа.
Жан безеріп, жүрегің қан жылайды,
Адам аяу дегенің қалған жоқ па?
Көз көрмеген бүл сүрең қайдан шықты
Баяғының салатын бəрін отқа?
Айтшы, досым, біздерді бүл жалғанда
Көру үшін осыны қалдырған ба?
XIII
Түгіне де қарамай, мойын бұрмай,
Ермек етіп отырам ойымды ұдай,
Оны істейтін кəдімгі ми емес пе,
Ең болмаса, аман қыл соны, құдай!
Енді менде қалғаны сол-ақ болды,
Мылтық алып күзетер қорығымдай.
Демократия – демалыс емес саған,
Аты басқа – бəрі де бұрынғыдай.
Бұрынғыдай емес тек бүгінгі ұран:
«Өз суыңды өзің іш құдығыңнан».
XIV
Əулие жоқ, бұл күнде пайғамбар жоқ,
Алақанын көшеде жайғандар көп.
Оған сенің берерің болмаған соң,
Сенде жайғың келеді алғандай боп.
Төрт қолға да төрт тиын түспеген соң,
Оп-оңай-ақ шығасың сор маңдай боп.
Сен оны, ол сені аяғансып,
Ұзап бара жатасың армандай боп.
Бұл көңілсіз суретті неге жаздым –
Жақсылығы жақын-ау келер жаздың...
XV
Жанталасып жатырмыз ел болуға,
Хабарласып, барамыз онда-мұнда,
Біз де сорлы емеспіз соларменен
Толып жатқан қағазға қол коюға.
Əлдеқайда белгісіз олар маған
Өтіп жатқан пойыздай жол бойында.
«Уəде» деген белінде жазуы бар,
Қашан жету бірақ та жоқ ойында.
Жас дегенің кеп қалды осы кезде,
Түсіп қалып жүрем бе разъезде?
XVI
Пар-парымен парламент келер əлі,
Кеше армансыз сайрады елге бəрі.
Біздің қырсық арылмай келе жатқан
Сөз бен істің қашанда кереғары.
Келмей жатып жағдайын мəселе қып,
Тағы батты бас қамын ойлағаны.
Үлгірген жоқ тамып та бір тамшы тер,
Болашақта қиналмақ кімнің жаны?
Бұрынғыдай сөгіс жоқ, партбилет жоқ,
Омырауында белгісі бар болғаны.
Сым бойында тізілген қарлығаштар
Тоқ жүгірсе, жандарын алып қашар.
XVII
Тылсым ойлар масадай мазаны алып,
Тағы бір сөз көңілсіз жазары анық.
Қойдым енді мына бұлт ол да қойсын,
Себе бермей кір жаңбыр азаланып.
Сенемін мен күн шығар Алатаудан,
Жайнап аспан ашылар тазаланып.
Алтын баған – үмітім, сен де түзел,
Сүйене-сүйене қалдың ба жұқаланып.
Ертең, ертең – жан салған бұл ойыңда
«Жоқ» дегенді «бар» деген ұғары анық.
Жоқтықты жоқ болса да, жоқ деместік,
Меніңше барып тұрған оптимистік





Пікір жазу