ҚАЗАҚ АҚШАСЫ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Қайтпайды тасқа соқпай жайын басы,
Болады кезек дүние қайырмасы.
Бір түрі – біз көрмеген жанталастың
Кешегі кесек ақша айырбасы.
Ашылды қанша қойма, канша құлып,
Қопсыған қолғап іші, қанша шұлық.
Домалап дорба, қапшық, темір сауыт,
Сасқанда қолдан сусып, сан шашылып.
Біреулер елдің қанын тегін сорып,
Біреулер тапқан шығар терін сор ғып,
Əп-сəтте құнсыз қағаз болып шықты,
Кешегі жүз сомдық пен елу сомдық.
Сіңбестен ауызға алған азанда асы,
Қайнады келесі күн базар басы,
Ақшаға ақша сатқан кімді көрдің? –
Біз көрдік – бұл тірлікте, замандасым!
Кешегі «түгім жоқ» деп жүрген зарлап,
Талайлар бай боп шықты, құдай қарғап,
Өзіне өзінікі бұйырмаған
Байғұстар жинай берген қалай қармап.
Не керек, талай қоқыс шықты сыртқа, –
Кездесті қу мүйіздер қу тұмсыққа,
Қашанда қанағаттан айрылса адам,
Белгілі жолығары бір қырсыққа.
Адамы қапылысты қанша ұлттың,
Кешегі көзді жеген ақша-құртың,
Көрсетті алпыс айла, қырық мінез
Кəсібін аймандай ғып барша жұрттың.
Бір қазақ қаладан ба, ауылдан ба?
Дабылы ақша айырбас қағылғанда,
Бір дорба сарайынан алып шықты,
Қуанып қапылыста табылғанға.
Тұрды да кезегіне айырбастың,
Құпия қапшығының аузын ашты.
Кассаға жұмарлақтап қойып жатты,
Су тиген қардың асты, жауын асты.
Жабысып жүз сомдықтар құшақтасқан,
Түрі бар айрылмайтын пышақтасаң,
Кассирдің бадырайып кетті көзі, –
Көрмейтін мынау сұмдық үш ұйықтасаң.
Талайын болып еді ажыратпақ,
Айрылып көмірінен, бəрі де аппақ
Қағазға айналды да шыға келді,
Əлде не жазуы да балдыр-батпақ.
– Қой, мынау болмайды, – деп,
кассир «пақыр»
Қайтарды бар ақшаны ақыр-тақыр.
Не күлер, не жыларын білмей
байғұс
Қазақты көзі тесіп бара жатыр.
Ал, қазақ алды дағы қапшығын
жəй,
Кассаға енді қайтып
бас бұрылмай,
Үн-түнсіз кете барды,
халық аң-таң.
Көрмеген көз болғаны
істі мұндай
«Жиыппын жұрт жиды» деп
бекер малды,
Ақыры ит жеместе текке қалды», –
Деді де өз-өзіне, бір шұқырға
Дорбасын лақтырды да,
кете барды.
Далада айдағанмен малды топтап,
Саудаға əрі анқау, əрі шорқақ.
Қазаққа біткен ақша соры бар, – деп,
Бір өзбек қатты өкінді
басын шайқап