11.07.2022
  152


Автор: Ғафу Қайырбеков

БІР УЫС ШАШ

І
Кеудені тасып кернеген,
Қуаныш жыры бір басқа.
Қайғыны жазып көрмеп ем,
Көзімді жаспен жумасқа.
Оллаһи, жасты ұнатпан,
Түсірер жара көңілге.
Кезім жоқ жанды жылатқан,
Жылатпан қалған өмірде.
Кетеді денем түршігіп,
Жүрегім шаншып, ми қайнап,
Жасына жатса тұншығып,
Яки біреу «ойбайлап».
Қашамын безіп аулаққа,
Кетемін кезіп тау ішін.
Естімеу үшін бейуақытта
Бақытсыздықтың дауысын.
II
...Есімде сол кеш, екінді,
Қаланы құрсап тылсым күш,
Өмір тоқтаған секілді
Жалпақ алаң тым-тырыс.
Жаяумын, бұл сəт, о, ғажап,
Көшеде жоқ қозғалыс.
Құбылыс қой мынау жат,
Қашан, қалай болған іс?
Хабарым жоқ, талай күн
Тауда жатқам жыр жазып,
Өзімше бір құдаймын,
Өзімше алтын бір қазық.
ІІІ
Есімде сол кеш... Екінді
Болғандай бір зор қаза.
Оқып жатқан секілді
Бүкіл қала жаназа...
Келем алаң шетінде,
Зəрем кетіп келем мен.
Жолықтым бір кемпірге
Тірі пенде дегеннен.
Шашында қыс қырауы,
Бетінде мұз тұр тамшы,
Кəрі адамның жылауы –
Көзге тиген бір қамшы...
«Алла!» деген дыбысы
Өксігімен аралас,
Əрең алған тынысы –
Дем деуге де жарамас.
Жөн сұрау да сорлыдан,
Болды ауыр күш маған,
Көзім түсті, қолында
Бір уыс шаш ұстаған...
IV
Əжептəуір кезден соң
Тебірене, толғана.
Түк білмеуім сезген соң,
Сөйледі əлгі кейуана:
– Үшінші күн, – деді ол.
Ойран болды бұл қала,
Желтоқсанның желі сор,
Əкелгендей зіл-зала.
Ол да тағдыр бұйрығы,
Шошынғандай аллаң да.
Адамдардың құйыны
Құйылды бұл алаңға.
Өңшең қазақ жастары,
Лапылдаған жалындай,
Қарсы бір сөз бастады
Қаруға да бағынбай:
– Өзімізді өзіміз
Билейтұғын кез жетті,
Көлгірсуді көзіміз
Сүймейтұғын кез жетті!
Жаса, біздің бостандық,
Жаса, Қазақстаным!
О, басқыншы – қастандық,
Осынша ұзақ ұстадың!
Жібер менің қолымды,
Басыңды тарт жерімнен.
Өзім ашам жолымды
Өзіме арнап берілген!
Деуі-ақ сонда мұң екен,
Көк қарулар кезенген,
Көкшіл беттер безерген,
Аяу білмес сұм екен.
Мылтық, таяқ, шоқпармен
Ұрды, кетті, таптады,
Айқай, ұйқай, боқтаумен
Аспанды шу қаптады.
Азан-қазан төңірек,
Бір алапат басталды.
Талай қыздар еңіреп,
Талай бұрым, шаш қалды.
Қанды тастың үстінде,
Əлем тапырақ алаңда,
Сол жеңеді, күш кімде,
Қараусыз күн қараң да.
Қанды тастың үстінде,
Қайран қыршын сорлылар
Қан жоса боп қақсады.
Қарасат майдан болды дəл,
Айдады, қырды, ластады...
Білем, қалқам, ар жағын,
Қалды дүние қараң боп.
Мұның соңғы зардабын
Болжауға да шамам жоқ.
Деді қария күрсініп,
Мына хабар ызғарын
Сезіп, бойым түршігіп,
Өз-өзімнен мұздадым...
V
– Қолыңыздағы немене?
Деуге шамам келді əзер.
– Көзің көріп, сене ме,
Сондағы бір қаныпезер,
Жұлған, тартқан, сүйреген,
Қайран ару шашы бұл,
Күйген отқа, күйген
Қыршын өмір жасы бұл.
Көріп тұрып алыстан
Кеше жағамды ұстап ем,
Қара тасқа жабысқан
Жатып еді қыпша бел,
Бір қазақтың сұлуы.
Сүйретіліп бұрымы.
Не айтайын, құлыным,
Үзілді ғой жұлыны.
Деп тағы да кейуана
Онан сайын қысылды.
Тез азынап жел ғана
Көзінен жас ұшырды...
VI
Есімде сол кеш. Екінді...
Есімде кемпір қаусаған...
Өлі бір дене секілді
Қажыған қала, шаршаған.
Қиялымда іздеймін
Қайда екен сонау сорлы қыз.
Соны көрген біздейдің
Қанша қаны болды мұз?!.
Ұмыту деген ол күнді –
Болғаны санаң саңлаусыз,
Сонау бір қанды толқынды
Тоқтаусыз, байқаусыз.
Есімде менің сол алаң,
Есімде кəрі сол анам,
«Желтоқсан» десе, əлі мен
Түсімде шошып оянам...





Пікір жазу