КӨКИЫҚ
I
– Жаз, ақын, қасыма кел, қалам ұста.
Қалған бір еске алынбай қалтарыста
Басымнан бала күнгі өткен тарих,
Баяғы тірлік үшін арпалыста.
Мен оны саған ашып көп айтпағам.
Өмірге жаңа ғана жол аттаған.
Ол кезде жас едің сен арман қуған,
Көңіліңе қасірет бұлтын жолатпаған.
Күн жарық, енді бүгін ашық аспан,
Жатыр ел шындық айтып жасырмастан.
Менің де тарихым бар бір кішкентай,
Қақпағы көптен жатқан ашылмастан.
Деп, Бəдеш, бұрды ақынның сөзге бетін,
Дəл қəзір ықыласын сезген еркін.
Көңілсіз бір əңгіме айтарында,
Əдеті көзге жасы тез келетін.
ІІ
Туған жер – көрген сайын Көкиықты –
Қостанай түбіндегі зор биікті,
Күрсінем, оңашада ой бұзылып,
Еске алып бала күнгі сол күйікті.
Жаз емес, гүл едім мен күзде егілген
Шаң емес, мұң шұбаған іздерінен.
Сонау бір сор айдаған жолаушының
Сондағы «халық жауы» қызы едім мен.
Сескенбе, енді қорқып не қыласың, –
Бəрібір сен қасымнан табыласың.
Бала едім шолақ кекіл, «жалаң аяқ»
Білмеймін «жау» дегеннің мағынасын.
Көп еді ағайынды əкем менің,
Алдағы көз жеткізер қатерге кім.
Бəрінің аты шауып тұрған кезі,
Болады бір өрлеуі əр пенденің.
Киім сай, тамақ дайын – бəрі алдында.
Мейірінен ата-ананың нəр алдым да,
Жайқалып жас жауқазын өсе бердім,
Ол күннің қысқа екенін біле алдым ба?
«Көкиық» ауыл сырты мұнарланған,
Сол жаққа шие теріп бару арман,
Гулесіп кілең бала жөнелуші ек,
Көк орай шалғын кешіп белуардан.
Баурайы көзің тұнған шие, жидек,
Бірінен бірі қалың, түйдек-түйдек.
Жайқалған жасыл жуа, сарымсақтар
Шалғайға əкететін бізді сүйреп...
... Ауылға келген сəтім мен қаладан,
Кез еді жаздың беті бер қараған,
Не жетсін каникулдың қызығына,
Бала күн бала беттен сорғалаған.
Қалада папам, мамам – біз үшеуміз,
Елге кеп ағайынмен жүздесеміз.
Онда əкем элеваторда есепші еді,
Есебі: мың десе – мың, жүз десе – жүз.
Кісі еді еңсегей бой, ер мүшелі,
Адамға қайыр, нəсіп бергіш еді,
«Талапкер» танабында аға-інісі,
Соларға демалыста келгіш еді.
Ел еді ол «Алатай мен Қыжық» деген,
Ағайын арасынан қыл өтпеген.
Кім білген күн боларын жауығатын,
Кім білген ауырарын сұм дертпенен.
ІІІ
Кешегі аштық деген кесепаттан,
Жігіттер аман қалған екі ошақтан.
Гүрілдеп бас-аяғы үш-төрт жылда,
Ауылда колхоз құрып, іске тартқан.
Шағы еді, бірі бастық – ел ағасы,
Сол кезде бірі ауылнай ең алғашқы,
Əкеммен немере еді екеуі де,
Еңбекпен жүрген жерде беделі асты.
Əдеті көре алмайтын көп ағайын,
Өсекке, күншілдікке болар дайын,
Жүргендер табылады қап, бəлем – деп,
Түсінбес жаңа күн мен қоғам жайын.
Сол кезде «отыз жеті» жетті келіп,
Ел ішін гулеп жала кетті керіп.
Көрсетіп өз əкесін, өз бауырын.
Құтырды нелер жауыз екіленіп.
Күнелткен нелер қулар арамды жеп,
Қазақтай қадірліге қадалды ай кеп.
Кешікпей қара хабар келді ауылдан:
«Хамзаның екі ағасы қамалды» деп.
«Колхоздың құрылыс заңын бұрмалаған,
Асырып қулық ісін жүрген əмəн» –
Осы екен бар болғаны – таққан кінə,
Жатпаған дəлел іздеп бұл жаладан.
Əйгілі Қостанайдың ақ түрмесі,
Құжынап жалалыға жатты іргесі.
Кісендеп, оларды да айдап əкеп,
Кесімсіз кеше кешке жапты, – десті.
Мен онда оқитынмын біріншіде,
Кіргендей күннен қапас түн ішіне.
Түнерді, түршігісті əке-шешем,
Тағдырдың таппай амал бұл ісіне.
Əрине, баламын ғой, түк ұқпадым,
Бірақ та сала берді суып қаным,
Бақытын бал балалық еркеліктің
Жүректен əкеткендей жұлып алып.
Жиналып жаны ашитын ағайындар.
Деседі: «болған іске не амал бар.
Қайнағаң Жүсіпбек те кетті қашып,
Жүруге бүгін түнде сен дайындал!
Алады, алмасына кепілің жоқ,
Алдыңда қазған ордан секіру жоқ.
Өтіп кет Ресейге ішкі жаққа,
Қасыңда жүрсін серік екі інің боп.
Бала мен əйеліңе ештеңе етпес,
Өйтпесең, өкінішің естен кетпес».
Деп зарлап ақыл айтып, босағаны
Босатпай келіп жүрді екі күн кеш.
Амал не, көнбей қойды оған əкем:
«Жазғыру жазықсызды бола ма екен?
Сыпырып бəрімізді əкетердей,
Не нəубет бізге келген алабөтен».
Дал болды дəлеліне өзі сенбей,
Ұзамай ағалармен көрісердей.
Əрине, жақсылықтан көп дəметті,
Болса да көзі шелдей, көңлі шердей.
Осындай тағы бір кеш отырыста,
Жалт еттік есік қаққан бір дыбысқа.
Екі адам кіріп келді əзірейілдей,
Түрлері ұқсамайды еш туысқа.
Жалғыз сөз: «жабылдыңыз» бар айтқаны.
Əкетті, алды-артына қаратпады.
Айыбы, кейін білдік, Сəкен ақын
Сөздерін жұртқа жаттап таратқаны.
Айтпақшы, үйдің ішін тінтіп жылдам
Сəкеннің кітабы мен төрде тұрған
Шкафтан екі-үш кітап қоса əкеткен.
Өзгесі есімде жоқ – бұлдыр тұман.
IV
Ұстады ақ түрмеде айға жақын,
Жабулы бəрі жұмбақ жаманаттың,
Күздің бір қара суық күні еді бұл,
Түрменің дəл түбінде сай болатын.
Сол сайға «ертең жүреді» деген кеште
Жиналдық, түк түсінбей өңкей кеще.
Жылаған бала-шаға, жаураған жұрт
Əлі де андағайлап келеді еске.
Түрмеге тіреп салған темір жолды,
Көргенмін бұрындағы көмір жоны.
Тау-тау боп жататұғын жиегінде
Болмайтын алған ешкім көңілге оны.
Таң ата сол темір жол бойымен бір,
Тоқтады қара вагон салдыр-гүлдір.
Дəл сондай қара қақпа ашылды да,
Тарады төңірекке қаңғыр-күңгір.
Көрінді ар жағынан қара шоғыр, –
Сайдағы күтіп жатқан біздің тобыр.
Жүгірдік жан ұшырып сол мезетте,
Кетпейді көз алдымнан кезім со бір.
Əкемді көрген бойда жеттім ұшып,
Кеудемді бір сұрапыл кетті қысып.
Жылау ма, өксік пе əлде, байқамадым,
Үлгірдім, саусағынан сүйіп, құшып.
Əкемнің көрінбеді екі ағасы,
Сұрауға баламын ғой жоқ шамасы.
Қоштасу бар болғаны екі-үш минут,
Вагонның кіре беріс босағасы.
Бетімнен бір сүйді əкем ең соңғы рет,
Қасымда мамам байғұс тұрды еңіреп.
Білмеді содан былай көріспесін,
Қимады жаманатқа сүйген жүрек.
Қолымда жіпке тізген кірəнжілік,
Беруге жүгіріп ем соны ұмтылып,
Қатыгез милиционер қолым қақты,
Сөйткенше кете барды вагон жылжып.
Баланың қолын қакқан сұм ант атқан,
Деген бір сөз естілді соңғы жақтан.
Күңіреніп қала берді қайғылы топ,
Кетпейді əлі күнге сол құлақтан.
Кетпейді қара вагон əлі есімнен,
Жалтырап шыққан күннің сəулесінен.
Бұлдырап көз ұшынан ғайып болды,
Айнымай қасіреттің күймесінен.
V
Арада қанша өткені жоқ жадымда,
«Сібірдің ағаш кесіп орманында
Жатырмыз» деген хабар жетті бізге,
Шамасы Свердловск оң жағында.
Ап-анық менің оны білетінім,
Хат жазып, посылка сап жүретінмін,
Үкімі он жыл екен кескен оған,
Санайтын кезіміз ғой күн өтуін.
Шешеміз деп жүргенде барып қайтам,
Басталды қанды соғыс, алып майдан.
Үзілді содан былай хат пен хабар,
Білмедік тағдыр айдап шықты қайдан?
Əлде ол аттанды ма соғыс жаққа,
Немесе аударды ма қоныс басқа.
Сібірдің мұзы менен батпағында
Қалды ма қайран басы тоғыспасқа?
Белгісіз үшті-күйлі болды ғайып,
Аспанға қала бердік қолды жайып,
Арада төрт ауыр жыл өтті бастан,
Секілді теңіз кешкен жалғыз қайық.
Қалтылдап өмір сүрдім, қайтсем де өлмей,
Талап қып оқу оқып, құр сенделмей,
Одан соң мұғалімдік анда-мұнда
Тірліктің ол да түрі дəл сендердей.
Бар ма еді көрмегені ол ұрпақтың?
Деген сөз – «жау баласы – қызы жаттың»
Пионер, комсомолға да алдырмаған,
Кейінде ЖенПИ-де де зардап тарттым.
Соқпақ жол, содан соңғы өмірбаян,
Бəрі де белгілі ғой, өзіңе аян.
Сондағы бұлдыр тұман арасында
Жылаған күндерімді қайда қоям?
Батырып балалықтың мұңға басын,
Қып-қызыл табанымды құмға бастым.
Сондағы қасіреттің бір таңбасы
Дегенім – өлеңіңде бұл да қалсын!
Жасында жиырма жеті болды жесір,
Өксікпен өтіп кеткен өмірі есіл.
Кешегі мамам байғұсты еске аламын,
Тағы да жылап қойсам, мені кешір!
VI
«Көкиық» балалықтың мекені еді,
Айырды «Көкиықтан» ерте мені,
Тағдырдың маңдайыма жиі соққан
Аяусыз ақ бораны, өкпек желі.
Бұл күнде Көкиық та – бір төмпешік,
Айдары аласарып, кеткен өшіп.
Көрінген көлік пенен машиналар,
Басына шығып жатыр ентелесіп.
Бір кезде заңғар еді, биік қандай,
Болатын аспан – төбе, бұлт – маңдай.
Сонда да көрген сайын осы кезде
Қараймын қайран көзім сүйіп қанбай!
Өзім де Көкиыққа қалам ұқсап,
Жыртылған жылдар мүжіп, жағамды ұстап.
Көзімде əлі де тұр Көкиықтан
Жүгіріп келе жатқан балалық шақ.
Көкиық ата-баба мекені еді,
Бар əлі мен оқыған мектебім де,
Ауылда ең биік үй сол болатын,
Ол дағы мыжырайып шөккен мүлде.
Қайтсын ол: «мен бармын» деп жар салсын ба?
Қалыпты биік үйлер тасасында.
Уақыттың тасасында қалған менің
Аз күнгі балалығым басы сонда.
Осы еді көңілімде тозбас аныз,
Туамыз, туған жерде қаз басамыз.
Бұл күнде қалдық біраз жасқа келіп,
Ғұмырдың көкиығын біз де асамыз.
Деп Бəдеш аяқтады əңгімесін,
Менімен бірге кешіп өмір көшін.
Ақыры айтып тындым дегендей-ақ,
Қырық жыл сақтап келген сыр мүддесін.
Құпия адам жаны – сарай неткен?
Мұны естіп сонда терең ойға кеткем,
Қиялда Көкиықты мен де көргем
Қасынан жаяу-жалпы талай өткем.
Көкиық жағалай тал, жасыл орман,
Етектен терген шие шашып алған.
Əркімнің болады бір Көкиығы –
Тіршілік сапарының басы қалған.