Поэмалар ✍️
АЗАТТЫҚ ПЕРЗЕНТТЕРІ
I
АЗАТТЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҰЛДАРЫ
«Қашан сен ел болып едің», – деген сұрақ,
Тиеді атқан оқтан ауырырақ.
Кеудеңде намыс деген бір от болса,
Лап етіп сыртқа шығар сонда бір-ақ.
Ел мен Ер біздің тілде екі-ақ əріп,
Көрген жоқ бірін айтсаң, бірі қалып.
Көнсадақ, көзсіз батыр шығар қырға
Күн туса ел басына, бұлт айналып.
Біледі ол ондай жолда бас кетерін,
Алысқа ат ерттемес əсте тегін.
Біледі ол өзі өлсе де, ел қаларын,
Қуатын ата кегін жас жетерін.
Жортқанда дүрсілдетіп кең даласын,
Қорек қып алты малта алған асын,
Көтерген көкке сермеп найза басын,
Көргенде көлдей көсір жау қарасын.
Үш тұстан, ұлан-байтақ үш қияннан,
Қиырдан дауыс жетпес күш жия алған,
Қазақты намыссыз деп кім айтады,
Айнымас ақ-арыстан, құс-қыраннан.
Ақырып ата аруағын шақырғанда,
Шаңқ етіп, шар тарапқа шарқ ұрғанда,
Шашақты шұбар ала ту желбіреп,
Самсаған шығарғанда батырды алға,
Пай, пай, ай емен найза сартыл қағып,
Семсерден ұшқан оттар жарқыл қағып.
Апай төс алмауыттар омырауласып,
Əуелі аспанға бір шапшып алып.
ІІ
Содан соң шаң шығарып будақ-будақ,
Қан шоқпар өз-өзінен қолда тулап,
Ақ сауыт шығыршығы желмен ойнап,
Дулыға шеке керіп, басты бунап.
Жүйткиді-ау, жүйткігенде түрі кандай!
Айбыны екі көзге құйылардай.
Жеңістің қанды олжасы енді бір сəт
Не бұған, не дұшпанға бұйырардай.
Майданы басталғанда жекпе-жектің,
Көтеріп ауыр салмақ жеткен екпін,
Сарт етіп соғылғанда жау-жартасқа,
Жанжалы қайнағанда жер мен көктің.
Батырлар айқайына далада ашық,
Тұлпарлар арқырауы араласып,
Бір сəтте жау жығылып, ер мертігіп,
Жануар тірі иесін ала қашып.
Сонау бір кернеп тұрған көкжиекті
Дегенше қалың қолға енді жетті,
Қалың қол қырдан ойға төгіледі,
Құжынап құмырсқадай жердің беті.
Мына шақ қиын болар енді аңғару,
Ми-палау – кімнің қазақ, кім жоңғары,
Əп-сəтте қан қуырдақ қалды толып
Даланың алып астау – бір аңғары.
Қанша күн созылды бұл кескілесу,
Жимастан екі жақта ешкім есін,
Кім тірі, кім өлінің шекарасы
Білінбес, жанды құлақ естімесін.
Дейтін бір қызыл қырғын, хан талапай
Балқаш пен екі арасы Аңырақай,
Ебінің есер желін бетіне алып,
Аңырап ауды қалмақ қаралы айқай.
Қазақтар жаралы мен өлік артқан,
Арқаға, Сыр, Жайыққа көш шұбалтқан,
Ақсауыт дал-дал болған, найза сынған,
Тұлпардың тұяғынан от шығартқан.
Жарылып жырым-жырым сүйем қалған,
Басылып сойқан соғыс зəрені алған,
Шаң басқан ақ кіреуке, көк дулыға,
Тебінгі терге шіріп, қанға малған.
Қауқайып ат үстінде сүлделері,
Қазақтың қырау қабақ шын ерлері,
Қабанбай, Бөгенбай мен Жəнібектер –
Сабаздар сөгілмеген іргелері.
Шұбырған қол соңында баяу басып.
Барады түгендесіп, амандасып.
«Бас қосып жүрелікші жау жоқта да,
Қамшының ұшын жалғап, хабарласып».
Дейді олар, бəлкім, серті, бəлкім анты,
Əйтеуір аманаттар айтып жатты.
Ең басты ауыздағы алтын сөзі –
Сақталды Елдік салты, Ерлік салты.
* * *
Өткенде одан жүз жыл арада ауыр,
Қаптады дала үстінде қара дауыл,
Басына Азаттықтың арқан түсті, –
Еркіндік көзден ұшты қайран дəуір.
Тағы да туды қырсық сөнер шағы,
Елінің ескі салты, көне сəні,
Ақ туын атасының қолына алды
Кенжесі Абылайдың Кенесары.
Тағы да жиды батыр үш тараптан,
Алысқа аруағымен күш таратқан,
Ұрпағы ескі ерлердің қайда кетсін,
Жаралған ошағынан ұшқан оттан.
Жиналды батырлардың қарты, жасы,
Еңіреген ер біткеннің қарт ұясы,
Тау Көкше тарландарын баурына алды
Шошайған бұлт үстінде тақиясы.
Түбінде əр қарағай бір-бір тұлпар,
Таң асты, жауды күткен ылғи сұңқар,
Басына əр қияның алау жақты,
Ортада хан Кененің үңгірі бар.
Айқасты, қайран ерлер айқасуда,
Сарыарқа тұнып кетті айқай-шуға,
Қаншама айлар өтті, күндер өтті,
Қан кешу, оны есептеп байқасын ба?
Баяғы қалған кəзір жекпе-жектер,
«Ер болсаң, енді дейтін бетпе-бет кел!»
Тастайды қалың қолды селдіретіп
Сорайған өңештері зеңбіректер.
Қор болды күш танытпай кереметтер,
Оқ құсқан ұңғысынан пулеметтер
Ажалдың шалғысындай қиратады,
Кеткендей дүрілінен дөңгелеп бел...
Сай келсін қаруыңа қару қайдан!
Мынау бір көз көрмеген қанды майдан,
Не керек тау шағылды, мыс құрыды,
Кеткендей аруақ көшіп Абылайдан.
Арқадан ауды Кене амалы жоқ,
Атаның ұран салар заманы жоқ,
Арқадан ауғаны оның – бағы ауғаны,
Арманнан өкпесіне қадалып оқ.
Не керек оның соңын айта беріп,
Ел жиып соғысам, – деп, қайта келіп,
Ендігі азып болған ел жиылмай,
Соңына бақ таярда сайтан еріп,
Шашылды батырлары, бастан бағы,
Жаншылып тістерінде бас бармағы
Өкінді ол, заманына қарғыс айтып,
Сұп-суық қызыл көзден жас парлады.
Баяғы басын жұтты жеке арманы,
Қазақты енді бүтін ете алмады.
Адасты Азаттықтың ақырғы ұлы,
Қазаға қайдан қырсық жер таңдады?!
Бермеді бұған дұрыс пана құдай,
Тебіренді Түркістанда хан Абылай,
Жортуыл жолда басы қалатұғын
Салт болды батырларға содан былай.
* * *
Қашанда қасиеттеп қазақ тұтқан –
Артық жоқ дүниеде Азаттықтан,
Сол үшін, соны қолдан бермеймін деп,
Тарихта талай ерлер басын жұтқан.
Солардың Ер Исатай соңғысындай,
Жайықтың арнасына толды судай,
Нарыннан қаулап шықты қарағайдай,
Ханыңа қара түгіл қол ұсынбай.
«Қамы үшін қара қазан, сар баланың»
Деместен «бас кесіліп, қор боламын»,
Қаптаған көк қаруға ол да шықты
Түбінде «Жасқұс» пенен Жанқаланың.
Желбіреп сары ала ту шыққан бойда,
Құйылып қалың əскер қырдан ойға,
Астында Ақ табан ат, алда Исатай,
Сол күнде «қырқарланып құралайда»,
Бір жеңіс, екі жеңіс дəмін татқан,
Амал не, үшіншіде қаза тапқан,
Егіздің сыңары еді ер Махамбет
Содан соң аза күйін аңыратқан!
Сөзі өткір көктен түскен жай оғындай,
Иранның суын жұтқан болатындай,
Мөңіреген сар садақтың дауысындай,
Аққудың үн шығарған қанатындай,
Дүниеден ақын өтпес ол ақындай.
Сабазын, Исатайын жоқтағанда,
Тыңдаған таныс алып, дəт табар ма?
Кетпей ме тамырында қаның тулап,
Сен дағы міне шауып Ақтабанға.
Кеппестен кетті көзден жасы мəңгі,
Бір сатқын, туа құзғын асыранды.
Көсіліп көк жайлауда отырғанда,
Қапыда қанды қолмен басын алды.
Сондағы соңғы сөзі түскен бастың:
«Азаттық!» –
Ер өмірі қысқармасын
Білмеген қарғыс атқан, сұмпайылар
Ұқпады бұдан сұмдық іс болмасын.
Олардың азаттықпен тағдыры рас, –
Сүлделер намыс қонбас, ар бұйырмас.
Осылай Азаттықтың құрбаны боп
Қиылды бас соңынан тағы бір бас.
* * *
Жанқожа, Есет, Бекет, Сырым Даттан,
Ел десе шыбын жаны шырыл қаққан,
Наурызбай, Ер Өтеген, батыр Саурық
Аңыз боп келіп жеткен жүз ұрпақтан.
Амал не, қиған соның бəрі басын,
Тауысқан Азаттық деп жарым жасын,
«Аруақтар даласында дамылдасын,
Ұрпақтар Еркіндікті сағынбасын».
Дегендер тұтас туған тұлға бүтін,
Киместен өткен жандар құл қамытын,
Қашанда Азаттықтың бір перзенті
Бойында жатар тулап бұл халықтың.
ІІ
АЗАТТЫҚТЫҢ АҚЫРҒЫ ҰЛДАРЫ?
Қанаумен қан қақсатып таман елді,
Содан соң ондаған жыл аға берді,
Ең соңғы айқайындай Азаттықтың
Ақырып алға шықты Аманкелді.
Бұл жолда ол да білді бас қиярын,
Ішінде темір қамал, тас қияның,
Ұстасы Ұлт-Азаттық қозғалыстың
Соғыстың даладағы тапты заңын.
Төгіліп қара нөсер төбесінен
Жатса да, жаңылмаған ер есінен,
Тұтқиыл шабуыл мен қаша ұрысу –
Даланың ой мен жыра, белесінен.
Жеткізбей зеңбіректен ұшқан допқа,
Бір адам əрең беріп жүз солдатқа,
Жарқылдап жазды күнгі жай отындай
Біртіндеп жаяу жағасын жыртқан жоқ па?
Сарбаздар Ақтөбеден, Ақмоладан,
Көкшетау, Ұлытау, Сыр – көп саладан.
Қара құм, қызыл құмның қойнауынан
Дариядай қол құйылып жатқан оған.
О, шіркін, емес еді-ау осал ағаң,
Кезі жоқ көп екен деп, жау санаған.
Үш жылдай ұлы сүргін, қанды айқаста
Жеңілмей, елу мың қол асыраған.
Бақса да тағдыр бұған қысас қылып,
Өзінен мықты жаудан күш асырып,
Тарихта тұңғыш рет қазақ күресін
Жіберді төңкеріске ұштастырып.
* * *
Одан соң ширек ғасыр шамасында
Отанның жау жармасты жағасына,
Аштықтан, тас қамаудан сиреген ел
Қарамай қансыраған жарасына.
Қашанда өр намыстан жоқ қалуы –
Бойында көк қаруы – кек қаруы,
Дегенде: «қазақ қайда? – кетті түсіп,
«Аллалап» барған беттен отқа кірді.
Сұрапыл қырғын еді Мəскеу үшін,
Желігін мынау жаудың бас! – деу үшін
Тағы да Қазақстан керек болды,
Қазақтың төкті əкеліп əскер күшін.
Составтар ағылды-ай кеп күн шығыстан,
Халықтар қан аралас бір туысқан,
Армия, дивизия, сан полктың
Кеудесін ашу-кектің бұлты қысқан.
«Мəскеудің өкпе тұсы, сол қанатын
Келе сап қорғау ісін қолға алатын.
Кəдімгі Қазақстан» деген шақта
Болады енді уақыт жайланатын.
Бір өзі он дивизия жүгін артып,
Деместен «болды Отаным мұның артық».
Бұл шақта сағат түгіл, минут та жоқ,
Азынап соғыс шегін жатыр тартып.
Панфилов дивизиясы – жүрегіндей,
Дүрсілдеп соққан жаудың үрейіндей,
Айрықша айқасты бір батальон,
Күндіз-түн кірпігін біреуі ілмей.
Жарқырап сонда шықты Баукең – есім,
Бара сап басқан жаудың əуселесін.
Онымен бірге шықты қазақ аты
Ежелден туып берген ер төресін.
Ар жағын енді толғап айтып-айтпа,
Білді əлем сол күндерде-ақ атын жатқа.
Елу жыл келеді елі ер есімін
Бөлеумен əн мен жырға, махаббатқа.
Тауысу мүмкін емес санап бəрін,
Одан соң шыққан қаулап ер аттарын,
«Бəрінен сұмдық екен» депті дұшпан,
Қара орыс – əне біреу қазақтарың!
«Бауыржан» атты бала мыңнан астам,
Ойласаң оның өзі – ұлы дастан,
Тоқтамас ұл туудан қазақы ана
Бауыржан туа берер тиылмастан.
* * *
...Кейін бір кездескенде Баукең маған
Əлі де аузым жетіп айта алмаған
Қазақтың соғыстағы мінезі еді –
Ғажайып жай тірлікте байқалмаған.
Əрине, сұрапылда жеңдік – дейсің,
Жеңгізген Елдік – дейсің, Ерлік – дейсің,
Тағы да одан басқа бір күш барын
Мен айтсам еш суреттеп сен бітпейсің.
Қазақтың Азат деген өз атасы,
Болсын деп, Азаматтың азат басы,
Соны іздеп кең даланы шарлаған ол.
Көшумен көктем айы, жаз аптасы.
Орыстың «қазақ» деген бір жұрты бар,
Өзгеше орыстардан өз ғұрпы бар,
Казактар атты «қазақ» деседі оны
Болған соң еркіндікке ол да құмар.
«Казак» деп атап кеткен бізге ұқсатып,
Үйреткен баласына ат ұстатып,
Ерлері тұлпар мінсе, ерін алмас,
Іздеумен еркін өмір күн ұзартып.
Қашанда азат кісі – намысты адам,
Бұл казак адалдыққа нан ұстаған,
Соны айтқан соңғы соғыс философиясы –
Сондықтан қазақ тұлғасы таныс маған...
Маған да таныс еді мұндай бір жан,
Қазақта соңғы батыр – Ер Бауыржан,
«А Я сам – последний сын – вольности! – деп
Аяғын орысшалап бір қайырған...
Дүниеден ол да кетті – кім бар тынбас?!
Кезі жоқ өз перзентін жер қаусырмас.
Алайда елдің жаны, Ел рухы
Азаттық таппайынша ер таусылмас.