БАРЫП ҚАЙТУ ЯКИ ЕМХАНА ЭЛЕГИЯСЫ
I
Достарым, дерт суырған денем арық,
Демімді тартам іштен əрең алып,
Қаңқаның қаусап қалған арасымен
Жүректен қан жүреді төмен ағып.
Сүйекті өрт мүжіген, күйік шалған,
Жілікті сынып қалған, қиып салған,
Бір шебер көлеңдейді көз алдымда
Тұманның арасынан тұйықталған.
Деген сөз: «барып қайттың, барып қайттың»...
Белгідей тағдырымды анықтайтын,
Шуылдап құлағымда тұрады ылғи,
Меңіреу мен емеспін оны ұқпайтын.
Миым сау, ой ойлайды баяғыдай,
Көз – шылау, көрген сурет таяды ұдай,
Қозғауға денем күйрек, басым имек
Тағдырдың тастап кеткен таяғындай.
II
Жүйрік ем, өзі берген құдай қанат,
Көрмеген құлау түгіл бір тайғанап,
Басына той төбенің ағып келіп,
Кетуші ем абыройды тудай қадап.
Сағынып сан жарысты алаңдаушы ем,
Дүбірден денем қызып қала алмаушы ем,
Ұршықтай дөңгеленіп жөнелгенде,
Даланың ой-шұқырын қаранбаушы ем.
Жер билеп, көз алдымда көк теңселіп,
Сағымды көсілуші ем көктей сөгіп,
Қашанда бəйге болса, «менікі» деп,
Қапысыз өзіме-өзім кеткен сеніп.
«Көз бар-ау, көз тиеді-ау» деген ойдан
Аулақпын, сақ болудан көңіл бейғам,
Отырмын енді еске алып соның бəрін,
О, тоба, дерің бар ма пəле қайдан!
III
Сондай бір жарыс па еді, жоқ есімде,
Майданның шыға келіп төбесіне,
От көрдім ар жағында маздап тұрған,
Əлде бұл қан қырсықтың елесі ме?
От емес, өрт екен бір қалың шұбақ
Қалмайтын қарығанда, жаның шыдап,
Екпінмен келген бойы қойып кеттім,
Қойсын ба тұрған дене жану сұрап?
Теріден түктің бəрі түсті күйреп,
Сүйекті жалын қауып, ыстық илеп,
Жығылдым, жындар күлді сықылықтап,
Үстінде пері ойнақтап, мыстан билеп.
Маңайда жоқ еді ешкім жан дегеннен,
Жəне жоқ бұл сұмдықты көрген елден,
Ажалдың оңаша оғы осы екен ғой
Сығалап көзден аққан көлденеңнен.
IV
Содан соң қаңғыр-күңгір, салдыр-гүлдір,
Асылған артым тұман, алдым бұлдыр,
Қақпасын басқа дүние ашсам керек,
Бір уыс тіршіліктен қалған тұлдыр.
Қапыда үлгірмедім «қош» деуге де,
Бірдеме үзілгендей бос кеудеде,
Бір айқай сол кеудеден шықты ма əлде,
Соңғы бір қоңырауындай көшкен кеме?
Ал, кəне, есің қалса, аңғарып ал!
Ашылды алтын сарай – алды бір зал,
Арбады, қызықтырды жиһазымен,
Төбеде қызыл-жасыл шамдары бар.
Солардың дəл астында сылаң қаққан
Сұлулар бөкселерін бұраңдатқан.
Шу етіп мені көріп жетіп келді,
Бу атқан денесінен кіл ант атқан.
V
Қасыма жете беріп, тұра қашты.
Көргендей жанып тұрған бір ағашты,
Шашырап қызыл шоғы маңайыма
Қуырып жіберді ме қолаң шашты?
Мені бір адам емес, пəле көріп,
Жоғалды əлдеқайда дөңгеленіп,
Кең сарай сатыр-сұтыр құлап түсті
Ар жақтан дала ашылды сəулеленіп.
Кісінеп бір қызыл ат келді жетіп,
Танауын қос шелектей желбіретіп,
Алтын ер, күміс жүген күбірлеген
Төгілген құйрық-жалы жерге жетіп.
Сол сəтте үзеңгіге салдым аяқ,
Қарғыдым ат үстіне қарғудай-ақ,
Құйғытып кете бардым көкжиекке
Қалам ба бұл шабыстан жанымды аяп.
VI
Бұл шабыс қандай шабыс, мəн бермедім,
Талай бір ойға түстім, қырға өрледім,
Ақ боз ат айнымайды бір бағыттан,
Бетке алып жүйтки берді күн белдеуін.
Ат емес, менің өзім зырлап ұшқан,
Іздедім осыншама кімді алыстан,
Іздедім осыншама нендей мекен?
Ал сонда «тоқта!» деген бір дауыстан.
Қалт тұрып қалған екем, ат мызғымай,
Жануар болған екен қып-қызыл май,
Ер-тоқым күйіп кеткен ыстығымнан,
Əлі де басылмаған от қызуды-ай!
Кеудемді əлгі шабыс əлдилеген
Басылдым, кезім екен əл білмеген.
Қасымда əйелім тұр: – «Анау жаққа
Бармашы, бармашы», – деп зар илеген.
VII
Ия, анау ашық алаң атырабы,
Дауыстап атымды атап шақырады,
Бір мола қыр үстінде қылаңдайды,
Кеппеген жаңа қазған топырағы.
Жаңағы ат соған қарай алып қашқан,
Үстіне келіп қаппын мен ұқпастан,
Жетектеп мені əкетті қайран жарым,
Баяғы күндерімдей қол ұстасқан.
Жаяулап кері қайттық, денем аман,
Қызыл ат үстен тоқым, ерін алған,
Кісінеп, əлдеқайда болды ғайып,
«Берді ғой құдай қайтып сені маған»!
Деген сөз құлағыма естілді анық,
Ояндым кезінде алау кештің жарық.
Қанша күн, қанша сағат ойымда жоқ,
Соншама жатсам керек есім танып.
VIII
Шынымен ояумын ба, білмен бірақ,
Көңілім түске жақын – өңнен жырақ,
Айқасқан кірпіктердің арасынан
Жіңішке жіптей сəуле тұр қалтырап.
Құлағым шалғышының қайрағындай
Шыңылдап, тірлігімнің айғағындай,
Естимін енді бір сəт дауыстарды
Шалғайда анам даусын шалғанымдай.
Кіргендей бір топ адам баса-көктеп:
«Түскені бұл кісінің қашан еді?» деп,
Сұраған біреу сөзін естіп қалып,
Зорланып кірпігімді ашам ептеп.
Самсаған еркек, əйел ақ киімді
Жатырқап қарасып тұр жат күйімді,
Аласа қара жігіт баяндайды,
Қалдырмай тарихымды, тамтығымды.
IX
«Қалмаған бастан басқа күймеген жер,
Ал қызыл тас үстімен сүйрегенде,
Қол шыққан құлағанда, жамбас сынған –
Дегендей пəле, қырсық үймелеңдер.
Алдымен күйік жаман, соны емдейміз,
Үмітпен емдегенге көнер – дейміз.
Жүрегі аман екен бір жақсысы,
Сынықты содан кейін шегендейміз.
Тоқтамай əлгі қара зырлатады,
Ешкім жоқ, өзі ғана тіл қатады.
– «Жақында бізге келген жаңа дəрі
Дененің барлық суын құрғатады».
Ол судың суырылған орнына біз
Иықтың тамырынан нəр құямыз.
Үш қабат қою-сұйық дəрі жағып,
Қауыпты күйік бетін тайдырамыз».
X
Жымиды ішіндегі аққұбасы,
Шамасы осы келген топтың басы,
Сөз айтып ақылдасқан, мақұлдасқан
Жөнелді жағдайымның көп куəсі.
Біреуі қалып қойды ақ халаттың,
Манадан оны бірақ байқамаппын.
Қарасам, о, ғажайып, өз əйелім,
Қалмайды-ау аңқаулығың, қайран ақын!
« – Айналдым, – дейді, – жаным, бұл күніңнен,
Дүниеден кетіп барып, бір тірілген,
Шырағың қайта жанды, шыда, шыда!»
Тамшылап ыстық жасы кірпігінен.
Отырды маңдайымды сүйеп жұмсақ,
Тағы да есім ауып кетті бұл шақ,
Тағы да өрт өлкеге сапар шектім,
Баяғы сəн сарайды бетіме ұстап.
XI
Белгілі сайтан көпір, жын сатысы,
Өрлеймін, жоқ бұл жолы бір қатысы...
Сол жақта екі түндей жүріп қаппын,
Адамның неткен ұзақ мұнша түсі?!
Доктордың манағы айтқан басталды емі,
Дүниенің төңкеріліп аспан-көгі
Кеткендей болады екен дəрісінен,
Олай деп ескертпеген бастан мені,
Ысқырған айдаһар ма, алдаспан ба,
Дерсің бір, денеме кеп жармасқанда,
Көп уақыт, жерге түспей жаңғырығып
Ышқынған ащы айқайым қалды аспанда.
Шырылдап қайран жаным бала құстай,
«Тоқта!» деп, байғұс жүрек қалады ұстай.
Сау етіп келген дəрігер тобы
Көрінді күнде маған жан алғыштай!
XII
Дозақтың басқышынан мен құларда,
Аярсып, аяғансып келіп алға
Көріп ем бір сұмпайды көзі қызыл:
«Ақыным, ал жолыңнан енді қалма!»
Деген ол, сөзін ұғып жатқаным жоқ,
Көзінің сұғыменен атқанын оқ.
Жатырмын жаңа біліп, ойша ақтарып,
Дүниенің адам ашпас қатпары көп.
Оллаһи, тиген көзі соның маған,
Ешбір жау босағамды торымаған.
Ақ көйлек адам едім, жұртқа сенгіш
Еш сөзді жаманатқа жорымаған.
Ешкімге болған емес өш ниетім,
Көбінің өз мінезін кештім еркін,
Біреулер түк жазығың болмаса да
Бар екен тірлігіңді көпсінетін...
XIII
Əлі де күн – қорқыныш, түн – үреймен
Уақыт сүйретілген, сүмірейген.
Бірақ та жоқ қызыл ат, жоқ қызыл көз,
Жоқ мола мені күтіп үңірейген.
Жатырмын тіршіліктің нақ қасында,
Тозақтың енді бармай қақпасына,
Түскенде сыпырылып қолда қалған,
Қараймын қызыл аттың ноқтасына.
Қараймын жар жүзіне жадау тартқан,
Бұл күндер маңдай шашын сəл ағартқан
Үстімнен күндіз-түні төніп байғұс,
Үмітпен күндер өткен, таңдар атқан.
Ойымда дəрігердің жанталасы.
Ол емес – бес бересі, алты аласы.
Көңілін құлатты ма құдай маған
Сіңбестен ішкен сусын, татқан асы.
XIV
Шабыт пен бар өнерін салып бақты,
Жақсыны көңіл танып, жан ұқпақты,
Жағдайым оңып онша жатпаса да,
Азамат оң сөзінен жалықпапты.
Түсімде, естен танған кездерімде,
Көп көрдім аруақтардың өздерін де,
Ағалар, замандастар, інілерім,
Баяғы жылы шуақ көздерінде.
Білдірмей бұл дүниеден өткендерін,
Білдірмей көп арманды кеткендерін,
Бəрінен ықыласы көрінді артық
Бұл күнде тірі жүрген көп пенденің.
Деймін мен əйеліме: «Дəм əзірле,
Көп болды қол тимеді бір мəзірге!»
Дəмге олар қарамады, үндемеді,
Деді ме: «Тұра тұршы сен əзірге!»
XV
Ал өңде ести сала оқиғаны,
«Ажалда, тұтқында» деп ақын жаны,
Адамдар үздік-создық шұбырды-ай кеп,
Секілді жел теңізді сапырғаны.
Əбекең, Мұқаң, Дихаң, Хамаң, Сырбай,
Əрқайсысы асқар таудың панасындай,
Қалмады академик, профессор,
Қазақтың көңілдері даласындай.
Замандас, жасы кіші бауырларым,
Бірге өсіп, бір жасаған қауымдарым,
Соларға ішім риза елжірейді,
Қадірді біле берген сауыңда кім?
Пендемін, қай жақынды іздедім мен,
Шығар деп естімеген, дүзде жүрген.
Жандардың бар екені есімде жоқ
Қашанда шөп шықпайтын іздерінен...
XVI
Солайша кетті қырсық өз басымнан,
Аз күнде көп қорқытқан «олжасымен».
Қалдым мен аман-есен, ел тілегі,
Жар жəне балалардың көз жасымен.
Біледі мұның бəрін бастан кешкен,
«Мынау тау, мынау заңғар аспан дескен».
Уақытша «əулиелер» ақ ордасы
Болады бір-ақ сəтте астан-кестен.
Білсең де дүниенің бір мінезін,
Күндейді ең арғысы күнді көзің.
Мысалы, сол ғылымды, тағылымды,
Əреңдеп, «өле жаздап», білдім өзім.
Бұл күнде заман – жұмбақ, күн – уайым.
Білмейсің тағдырыңа кім құдайын,
Бір кезде шаңырағыңа тіреу болған
Күйреді тау бəйтерек, сынды қайың.
XVІІ
Достарым, мен бір сүлде – ақсақ, арық,
Шығыпты шағын күнде шаш ағарып,
Сондағы айырбасқа алған дəулет –
Тағы да бауыр бүтін, бас амандық.
Жазғырып, жазған деме мұның несін,
Сен ертең кешеріңді, бүгін кештім,
Сол ғана айырмасы. – Жалған пікір
Дегенің – естімесін мұңымды ешкім.
Үйір ғой көлеңкеден шуаққа жұрт,
Бір күні қайрат қайтып, қуат қажып,
Шаң жұқпас шашасына сан тұлпардың
Бəрінің жығылары – бір-ақ қазық.
Бұл да бір кезім болсын ой ағытқан,
Тағы да келеді, əне, ағарып таң,
Тағы да келеді, əне, ақ боз атым,
Алдымнан мені қимай орағытқан.